Алматыда Хогуартс стиліндегі қорғанды 5 млн-ға жалға алуға болады

Жарияланды 4 Маусым 2025 16:55

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Алматыдағы қорған
Фото: Didgital Business

Алматыда Хәрри Поттер фильміндегі Хогуартс қорғанына ұқсайтын төрт қабатты үй жалға беріледі. Жалға алу құны айына 5 млн теңге деп жазады digitalbusiness.kz

Зәулім үй Наурызбай ауданында орналасқан. Аумағы 812 шаршы метр. Газ, электр мен кәріз жүйесі тартылған. Тек ішіне әрлеу жасау қажет. Бұл үйді алматылық Ольга Шин күйеуімен бірге салған. Ертегі стилінде қорған салу оның бала кезіненн бергі арманы екен.

«Бұл менің авторлық жобам, балалық арманым. Бала кезімнен ертегі оқығанды жақсы көремін. Ертегідей өмір сүргім келді. Үйленген соң, сол арманымды іске асыруға кірістік. Жер телімін 1998 жылы сатып алдық, ол кезде жай қоқыс алаңы еді. Құрылыс қалдықтары, бөренелер жатқан. 2009 жылы ең бірінші кірпішін қаладық», – дейді Ольга.

Оның айтуынша, зәулім үйдің біраз бөлігін өз қолымен жасаған. Үй иесі мұны жалға беру үшін емес, өз арманымызды іске асыру үшін жасадық деп түсіндіреді.

8 жыл бойы газ жүргізе алмадық

Зәулім үй дайын болғаннан кейін инфрақұрылымын тарту үшін де біраз тер төккен.

«8 жыл бойы газ тарта алмадық. Барлығын төлеп қойғанбыз, бірақ бізге желілер дайын емес екенін айтты. Тіпті содан кейін «басқалар үшін 290 мың, ал сіздерге 1,5 млн теңге, ақшаларыңыз бар ғой» деген. Әрине, біз барлығын заң бойынша шештік», – дейді Ольга.

Қыста тек жылуға 240 мың теңге төлейді. Төрт қабаттың барлығына жылы еден жүйесі орнатылған. Аумақ үлкен болғандықтан, жылына тағы 350 мың теңге салық төлейді.

Жалға беру – 5 млн, сатып алу – 3 млн доллар

«Бұл қорған ғасыр тұрады деп айтуға болар. Бағаналар мен жабындар – бетоннан. Тек шатыр астында – ағаш конструкциялар. Қабырғалары – кірпіштен», – дейді үй иесі.

Бұрын үйді мерекелерге, тойларға жалға берген. Тек зәулім үйдің өзін жалға алу 5 млн, егер толық жер аумағымен бірге жалға алам десеңіз, 10 млн теңге төлеу қажет. Енді ұзақ мерзімге де жалға беруге дайын. Әзірге Ольга жұбайы екеуі қорғанды сатуды жоспарлап отырған жоқ, тек елден кетсе ғана саудаға қойылатынын айтады. Ол кезде бағасы 3 млн доллардан кем болмайды.

Айта кетейік, осы жылы ақпандағы есеп бойынша, еліміздегі пәтер жалдау ақысы 10%-ға көтерілді. Жалға алатын ең қымбат пәтерлер Алматыда, ал ең арзан пәтер Таразда тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз