Энергетика министрлігі мен ОПЕК+ келісім күшінде қалатынына тағы да көз жеткізді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ОПЕК+
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен ОПЕК Бас хатшысы Хайтам әл-Гайспен кездесуі / Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанада ОПЕК Бас хатшысы мәртебелі Хайтам әл-Гайспен кездесіп, арадағы тарихи келісімнің әлі де күшінде екендігіне көз жеткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Келіссөздер барысында министр Қазақстанның тарихи ОПЕК+ келісіміне оң көзқарасын жеткізіп, жаһандық мұнай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Екі тарап «8 ел» кездесуі аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары бағалады.

«Қазақстан ОПЕК және келісімге қатысушы мемлекеттермен одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, өндірушілердің, тұтынушылардың және жаһандық экономиканың мүддесі үшін әлемдік нарықтағы тұрақтылықты нығайтуға ынталы екендігін жеткізді», – деп хабарлайды министрліктен.

Бұл кездесу неге маңызды?

Екі арадағы тарихи келісім бойынша, Қазақстан мұнай шығаруда ОПЕК белгілеген жоспардан ауытқығаны үшін өндірісті шектеуді қажет еді. Бірақ ел билігі шектелген мөлшерден де артығымен қара алтын өндіруді жалғастыра берді. Ал министр Ақкенженов ұлттық мүдде ұйым алдындағы міндеттерден жоғары екенін айтты. Оның алдында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов та «ОПЕК+ алдындағы міндеттемені орындауға тиісті емеспіз» деп мәлімдеген.

Топ-менеджерлердің бұл сөзі ОПЕК басшылығының ашуын тудырған тәрізді. ОПЕК+ келісімін орындамаған 8 ел үшін өндірісті қаншалықты қысқартатыны жазылған жаңа кестені жариялады. Халықаралық басылымдар осыдан кейін ұйым басшылығы Астананы жазалауға кіріседі деп жарыса жазды.

Бірақ өткен айдың соңында жағдай өзгерді. ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел шілде айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 411 мың баррельге арттыру туралы келісімге келді. Бұған сарапшылардың әлемдік экономикада өсім бар, нарықта тұрақтылық сақталып келеді деген болжамы себеп болған. Осылайша мамырда жариялаған кестені алып тастады. Әзірге жаңа өтем кестесі шығарылған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз