
Қазақстандық RE:CREATE AI жобасы Activate VC және Jas Ventures қорларынан 150 мың доллар көлемінде инвестиция тартты. Бұл туралы Astana Hub технопаркінен хабарлады.
RE:CREATE AI – Instagram, TikTok және YouTube платформаларына арналған трендтер мен сценарийлерді табуға көмектесетін жасанды интеллектіге негізделген стартап. Яғни сарапшылар мен кәсіпкерлер үшін дайын идея тауып беріп, оның уақыты мен ресурсын үнемдейді.
Алғашында стартаптың негізін қалаушы Зәкіржан Айсабаев бұл сервисті әлеуметтік желілердегі жеке блогын дамыту үшін пайдаланған. Қазір 10 мыңнан аса қолданушысы және тұрақты сатылымдары бар.
«AI’preneurs-ке дейін мен сервистерді код үшін жасасам, енді клиент үшін жасаймын. Бағдарлама маған сату, бизнес-модель құру және қиындықтарға төтеп беруді үйретті. Мен соло-бағдарламашыдан инвестиция тарта алатын стартап негізін қалаушыға айналдым. Физикалық және моральдық күйзеліс болған сәттер де болды, бірақ дәл сол кезде мен функционалдан гөрі құндылық маңызды екенін түсіндім. Кейін алғаш рет жылдық жазылымды сатып, дұрыс бағытта келе жатқанымызға көзім жетті», – дейді Зәкіржан Айсабаев, RE:CREATE AI негізін қалаушы.
RE:CREATE AI Astana Hub ұйымдастырған AI’preneurs акселератор бағдарламасына қатысты. Clash of Startups стартап-баттлында үшінші орынды иеленіп, инвесторлардың назарын аударды. Қазір инвесторлардан алған 150 мың долларды мобильді қосымшаны іске қосып, жасанды интеллект үлгілерін жетілдіруге және маркетингті масштабтауға жұмсамақ.
Осыған дейін Astana Hub-тың тағы бір резиденті, жасанды интеллект саласындағы қазақстандық SHAI стартабы да 1 млрд доллар тартқан еді. Компанияларға жасанды интеллект агенттері мен цифрлық көмекшілерін жасауға мүмкіндік беретін платформа өзбекстандық AVO банкі инвестиция салды.