
«ҚазМұнайГаз» АҚ алғаш рет юаньмен облигация шығармақшы. Бұл туралы басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты деп жазады Bloomberg.
«Нарықтағы жағдайға байланысты қарыз алуымыз мүмкін. Біз барлық нұсқаларды қарастырдық. Қазіргі уақытта дим сам, панда облигацияларын немесе араб елдеріндегі қарыз құралдарын сату мүмкіндігі бар», – деді Хасенов.
Компания бірінші рет юаньмен облигация шығармақшы. Бірақ одан түскен қаражатты АҚШ долларына айырбастайды.
Хасенов айтқан дим сам облигациялары – Қытай құрлығынан тыс жерлерде шығарылатын қарыз құралдары. Ал панда облигациялары – Қытайдың ішкі нарығында шетелдік эмитенттер юаньмен шығаратын құнды қағаздар. «ҚазМұнайГаз» топ-менеджерінің сөзінше, қазір осы дим-сам және панда облигациялары қолайлы.
Bloomberg жазуынша, қаржыландыру арзан болғандықтан Қытайдың несие нарығы халықаралық қарыз алушылар үшін қызықты болып тұр. Дональд Трамптың саясатынан кейін инвесторлар АҚШ нарығына да абайлап кіретін болды.
Бұған дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі үш жылдық еурооблигацияларға өтінім қабылдауды бастаған еді. Холдингтің еурооблигациялары Қазақстан қор биржасы және Лондон қор биржасында (LSE) саудаланады.