«ҚазТрансГаз Аймақ» бәселестік туралы заңды бұзғаны анықталды

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «GAS QURYLYS» кәсіпорындарына қатысты тергеу жүргізіліп, бәсекелестікті бұзғаны анықталды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау департаментінен хабарлайды.
«Тергеп-тексеру аясында тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйесіне қосу және монтаждау бойынша қызметтерді сатып алу кезінде бәсекелестікке қарсы келісімдер жасасуда көрсетілген монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Жасалған келісімдердің нәтижесінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының бірыңғай жеткізушісі іс жүзінде «GAS QURYLYS» ЖШС болып айқындалды. Бұл бәсекелестікті шектеуге, атап айтқанда ұқсас қызметтер көрсететін нарық субъектілерінің құқықтарын шектеуге әкелді», – деп жазылған хабарламада.
Яғни «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «GAS QURYLYS» ЖШС ұйымдасқан түрде әрекет еткен. Оның салдарынан тұтынушылардың мердігер ұйымды таңдау құқығы заңды түрде шектелді. Жоғарғы сот Астана қаласы бойынша БҚДА департаментінің тергеу қорытындыларын заңды деп таныды.
Кәсіпорынға қатысты дау бұл ғана емес. Осыған дейін Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалдарының қызметін тексеріп, тұтынушыларына 1,2 млрд теңге көлемінде шығын келтіргенін анықтады. Бірақ компания комитеттің бұл шешімімен келіспей, сотқа қарсы шағымданды.