
5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім қабылдайды. Бұған дейін 2025 жылы наурызда реттеуші базалық мөлшерлемені 16,5%-да қалдырған еді. Бірақ ол инфляция қарқынын тоқтата алмады. Мамырда инфляция жылдық есепте 11,3%-ға дейін жетті. Kursiv Research Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты бойынша комитет мүшелері назарға алатын деректерді зерттеп, бұл жолы да оларға шешім қабылдау қиын болады деген қорытынды шығарады.
Қазақстандағы инфляция
Базалық мөлшерлеме – ақша-несие саясатын және инфляцияны басқару құралы. Бірақ қазір бұл құралмен мәселе көп. 2025 жылдың мамырындағы есеп бойынша, инфляция 11,3%-ға жетті. Осылайша соңғы үш айда елдегі инфляция деңгейі 10 пайыздан асып, 2023 жылдың күзіндегі жағдайға қайта келді.
Барлық секторда өсу байқалды. Мамырда азық-түлік бағасы 9,6%-ға (сәуірде 8,5%), азық-түлік емес тауарларға 9,0%-ға (сәуірде 8,9%), ақылы қызмет 16,0% (15,7%) өсті. Осы жылы ішкі нарықта көкөніс тапшылығы байқалып, үкімет экспортқа шектеу салуына тура келді. Әсіресе, әшекейлік бұйымдар мен саға бағасы 34%-ға, автокөлік бағасы 25%-ға өскенін атап өту керек. Ал қызмет көрсету бағасының динамикасын тұрғын-үй коммуналдық тарифтерінің өсімімен салыстыруға болады, жылдық есепте көрсеткіш 15,7%-ды құрады.
Ішкі және сыртқы жағдай
Kursiv Research экономиканың қарқынды өсуіне жан-жақты талдау жасап көрді. Қарқын алу транспорт (+22,4%) және құрылыс (+16,2%) секторында байқалды. Мұндағы өсім мемлекет көмегімен жүргізілген инфрақұрылымдық жобалармен және сауда көлемінің жылдамдауына байланысты жүк айналымының артуымен де түсіндіруге болады. Бірақ ішкі нарыққа және экспортқа да бағытталған салаларда да қарқын алу байқалады. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім (+7,2%) мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі және машина жасау салаларындағы ілгерілеудің арқасында қамтамасыз етіліп отыр. Ал тау-кен өндірісі секторының өсімі (+7,1%) – мұнай өндіру көлемінің артуымен байланысты.
Сондай-ақ сауда саласындағы өсімді (+7,0%) ерекше атап өткен жөн. Бұл – халықтың нақты табыстарының артуы (наурыз қорытындысы бойынша жылдық өсім +3,0%) мен тұтынушылық несиелеудің кеңеюі есебінен болып отыр.
2025 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша тұтынушылық несиелер портфелі 32%-ға өсіп, 14,7 трлн теңгеге жетті. Банктердің жалпы несие портфеліндегі тұтынушылық несиелердің үлесі 32%-ды құрады.
Салыстыру үшін: айналым қаражатын толықтыру және негізгі құралдарды сатып алуға берілетін несиелердің жиынтық үлесі банк жүйесіндегі несие қалдықтарының 17%-ынан аспайды.
Жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 1,3 пайыздық пунктке артқанына қарамастан, жеке тұлғаларға берілетін қысқа мерзімді теңгелік несиелердің құны айтарлықтай өскен жоқ:
- мерзімі бір айға дейінгі несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 1,9 пайыздық пунктке төмендеп, 32,7%-ды құрады;
- бір айдан үш айға дейінгі несиелер бойынша мөлшерлеме 3,2 пайыздық пунктке өсіп, 20,9%-ға жетті;
- үш айдан бір жылға дейінгі несиелер бойынша өсім 1,1 пайыздық пункт болып, мөлшерлеме 22,0%-ға жетті.
Жалпы алғанда, жеке тұлғаларға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелер базалық ставканың өзгеруіне әлсіз әсер етеді. Екінші жағынан, сәуір қорытындысы бойынша, инфляциялық болжам баяулағанын байқаймыз. Наурыздағы 12,6%-дан 12,2%-ға түскен.
Бизнесті кредиттеу
Тұтынушылық несиелендіруге бизнесті қаржыландыру Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне тығыз байланысты. 2025 жылдың сәуіріндегі есеп бойынша, заңды тұлғаларға берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге пропорционал өскен яғни 1,3 пунктке. Ең жоғары өсім бір айға дейінгі несиелерде (+3,7 п.п., 19,3%-ға дейін) және бір жылдан бес жылға дейінгі несиелерде (+2,8 п.п., 21,5%-ға дейін) байқалды.
Бірақ ақша құнының өсуі несиелендіру өсіміне аз әсер етеді. 2025 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша, бизнесті несиелендіру портфелі 20%-ға өсті, оның ішінде транспорт секторы 47%-ға, сауда 23%-ға, өнеркәсіп 22%-ға, байланыс 13%-ға, ауыл шаруашылығы 9%-ға өскен.
Кәсіпкерлік сектордағы несиелендірудің ұлғаюына мемлекеттік бағдарламалар да әсер етіп отыр. Kursiv Research мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы төрт айында субсидия немесе кепілдендіру арқылы мемлекеттен қолдау алған несие үлесі жалпы кредиттің 6%-на тең болды. Тарихи жағынан қарасақ, бұл соңғы 15 жыл ішіндегі орташадан сәл жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бенефициары болып табылатын шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша теңгемен берілген несиелердің жалпы көлемінде 60%-ды, ал бизнесті несиелеу портфеліндегі үлесі 65%-ды құрады.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім
Жоғарыда аталған факторларды таразыға салсақ, қатаң саясатты ұстанып, одан әрі қатайта түсу керек деуге болады. Экономикалық өсімге қарамастан ішкі нарықтағы бағалар көтеріліп жатыр, сыртқы нарықтағы белгісіздік төмендеген жоқ.
Бірақ ішкі нарықтағы бағалар өсімінің табиғаты монетарлы емес екенін де байқаймыз. Тарифтердің өсімі – нарықты реттеу және құрылымды реформалар жолындағы болуы керек фактор. Коммуналдық кәсіпорындар жасайтын инвестициялар тұтыну бағасына ықпал етпей қоймайды.
ҚР Үкіметі алдында 2030 жылға қарай экономика қарқынын екі еселеу деген мақсат тұр, сондықтан ол қолдау шараларынан бас тарта қоймайды.
Мұндай жағдайда соңғы екі жылдағы ақша-несие саясаты жеткілікті қатаң болмағанын немесе Үкімет белсенді түрде ынталандырып отырған Қазақстан экономикасындағы «қалыпты» инфляция деңгейі Ұлттық банк көздеген 5%-дан жоғары екенін мойындауға тура келеді. Қазіргі өсім динамикасы жағдайында инфляцияның қай деңгейі «қалыпты» деп пікірталас ұйымдастыруға да болады. Бірақ қазір Ұлттық банк пікірталас ұйымдастыратын жағдайда емес. Ол өз ұстанымы мен риторикасына да түбегейлі өзгертіп жібере алмайды. Егер базалық мөлшерлемені 25-50 базалық пунктке көтерсе, біреулер тым қатал, ал екіншісі, керісінше, тым жұмсақ деп сынға алады. Сондықтан осы жұмада Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты бойынша комитет мүшелері үшін оңай болмайын деп тұр.
Еске салайық, наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды. HalykFinance сарапшылары осы аптада оны өзгеріссіз қалдырады деп есептейді.