Банк пен қаржы

Бюджетті тиімсіз пайдаланған вице-министрлер мен комитет басшылары жауапқа тартылды

Фото: shutterstock

2024 жылы Жоғары аудиторлық палата 27 аудит жүргізді. Оның нәтижесі бойынша 175 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арасында лауазымды тұлғалар да бар. Бұл туралы палата басшысы Әлихан Смайылов айтты.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша 175 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Айыппұлдар салынды. Тағы 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл түрінде әкімшілікке жауапқа тартылған арасында вице-министрлер, комитет, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жетекшілері, түрлі бөлімшелердің бірінші басшылары бар», – деді ол журналистерге.

Лауазымды тұлғалар арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылғандар да болған.

«Өзіме белгілі мысалдарды айта кетейін. Ұлттық аккредитация орталығының басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды және бас бостандығынан айырылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жетекшісіне қатысты да тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылық басқармасының басшылығына қатысты қылмыстық іс жүргізілді. Дәрімен қамтамасыз ету саласындағы аудит қорытындысы бойынша, бес материалды құзырлы органдарға жібердік», – деп атап өтті Смайылов.

Құқық бұзушылық азайып жатыр

Әлихан Смайылов былтырдан бастап мемлекеттік органдардың жұмысына аудит жүргізудің күшейгенін айтады. Бірақ құқық бұзушылықтар туралы деректер жиі жарияланғанмен, шын мәнінде азайған.

«Тексеруші орган ретінде жұмысымыздың тиімділігін арттырдық, көбірек аудит жүргіздік. Тиісінше көбірек [құқық бұзушылықтар – ред.] анықтадық. Цифрларға қарасақ, құқық бұзушылық көбейіп жатқан сияқты көрінеді. Бірақ обьективті болу үшін тек цифрларға емес, салыстырмалы түрде қарау керек. Соңғы бес жылда республикалық бюджетіміз екі есе өсті, қазіргі бюджеттік шығынмен есептегенде 25 трлн теңгеден аса. Жыл сайын экономика өсіп жатыр. Экономика көлемімен салыстырғанда құқық бұзушылықтар көлемін қарайтын болсақ, жалпы құқық бұзушылық динамикасының төмендеп жатқанын байқаймыз. Тәртіп пен заң жағынан оң өзгеріс бар екенін көреміз», – дейді палата басшысы.

Жалпы былтыр Жоғары аудиторлық палата 27 аудит жүргізген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. 860 млрд теңгеге құқық бұзушылықтар анықталды, бұл да 2023-пен салыстырғанда 68%-ға артық.

Осы жылдың І тоқсанында Жоғары аудиторлық палата  еліміздегі 24 мекемеде 4 ірі аудиторлық тексеріс жасады. Аудит кезінде 355 млрд теңгеге жуық заң бұзушылық анықтаған.