Банк пен қаржы

Министр Мәдиев криптовалюта нарығына қызығушыларға кеңес берді

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев криптоға қатысты кеңес берді / фото: gov.kz
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев криптоға қатысты кеңес берді / фото: gov.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев криптовалюта нарығына қызығушыларға бірнеше кеңес берді. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

4 маусымда Астанада өткен брифингте Жаслан Мәдиев елдегі криптовалюта өндірісі қалай дамып жатқаны туралы айтып берді.

«Елімізді криптовалюта нарығы қарқынды дамып келе жатыр. Оны реттейтін жүйе қалыптасып келеді. Қаржы орталықтарында оннан астам криптобиржа пайда болды. Олар ресми түрде тіркеуден өтті. Лицензиясы бар криптобиржалардың екінші деңгейдегі банктермен интеграция орнатуға мүмкіндігі бар. Сол жерде олар крип фиат арналарын аша алады.

Мұндай биржалар мен банктер криптокарталар шығара алады. Біздің министрлік осы істі қолдайды. Біз әуелбастан осындай реформа жүргізуді ұсынғанбыз. Крипто-карта, крипто-банкомат ашып, крипто айырбас пункттерін ұйымдастыруды қолдадық. Жақын уақытта біз осының бәрін көреміз. Өте маңызды жобалар», – дейді министр.

Мәдиевтің пікірінше, азаматтар ресми крипто фиат арналарға қосылуға мүмкіндік алуы тиіс. Сонда ғана қазынаға түспей жатқан ақшаларды ресми айналымға қайтаруға болады.

«Осының бәрі Қазақстан азаматтарына қосымша инвестиция құюға мүмкіндік береді. Ол инвестиция өніміне айналады. Тұрғындар жинаған қаражатын криптовалютамен сақтай алады. Алайда қаржы нарығында бөліп ұстау, яғни диверсификация мәселесін ұмытпаған жөн. Бір ғана активтерді сатып алуға болмайды. Қаржыны түрлі валютада ұстаған жөн», – деп ескертті Мәдиев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда цифрлы активтер айналымын жүйелі түрде реттеуге бағытталған заң жобасы әзірленді. Ұлттық банктің мәліметінше, бір ғана 2024 жылы Қазақстан азаматтары заңсыз жолмен 15 млрд долларды криптовалютаға жұмсаған. Енді республика азаматтары мұндай операцияларды заңды түрде жүзеге асыра алады.

Ал осы аптада банктері криптовалютамен төлем жасауға арналған арнайы төлем карталарын шығаратыны мәлім болды.