
Еуроодақ комиссиясы 4 маусым күні сирек кездесетін металдар өндіруге қатысты 13 жаңа жобаны жариялады. Олардың арасында Қазақстан да бар. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Сирек кездесетін металдар қорғаныс, ғарыш және технология салаларында қолданылады. Өндірістің 90%-ы Қытай бақылауында. 2025 жылғы сәуірде Бейжің сирек кездесетін металл экспортын шектеген. Соған байланысты әлемнің басқа да елдері шикізат тәуелділігінен арылғысы келеді. Еуроодақ та 2030 жылға қарай ішкі сұранысты өтеуге ұмтылып жатыр.
Сирек кездесетін металдар қоры Қазақстанда бар. Билік әлем елдеріне оны өндіруге инвестиция құюды ұсынып отыр.
Еурокомиссия қабылдаған жаңа 13 жобаның арасында Қазақстан да бар. Бұдан бөлек, ұйым елдері Ұлыбритания, Канада, Гренландия, Норвегия, Сербия, Украина, Замбия, Бразилия, Жаңа Каледония (Франция), Малави және Оңтүстік Африкада шикізат өндіргісі келеді.
Еуроодақ жобаларды іске қосуға 5,5 млрд еуро (6.27 млрд доллар) бөлуді көздеп отыр. Жаңа тізім жарияланғаннан кейін, ұйым елдерінің стратегиялық жобалар саны 60-ға жетті. Биыл наурызда комиссия 47 жобаны жариялаған.
Әлемде 17 сирек кездесетін элемент бар, бірақ солардың ішінде жетеуі нарықта жоғары бағаланады. Kursiv.Media олардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып өткен.