
Украинадағы соғыста 1 миллионға жуық ресейлік сарбаз қаза тапқан немесе жараланған. CSIS ұйымының жаңа зерттеуін CNN телеарнасы таратты.
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) мәліметінше, Ресейдің 950 мың азаматы осы соғыста зардап шеккен. Олардың 250 мыңға жуығы қаза тапқан. CSIS бас кеңсесі Вашингтонда орналасқан.
«Совет заманында немесе Ресейде болған соғыстардың ешқайсында мұндай шығын тіркелген емес», – деп жазылған зерттеуде.
Зерттеу орталығы жазға қарай соғыстан зардап шеккендер саны 1 миллионға жетеді деп болжады.
Жаңа есепте Украина шығыны шамамен 400 мың адам екені айтылған. Қаза тапқандар саны 60 мыңнан 100 мыңның аралығында.
Киев соғыс шығыны туралы мәлімет бермейді, ал Мәскеу оны азайтып көрсетуге тырысады. CSIS шығынды есептеген уақытта ағылшын және америкалық барлау қызметтерінің мәліметіне сүйенеді.
2025 жылғы наурызда Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресейдің адам шығынын 900 мыңға шамалаған. Министрлік Ресей бір тәулікте шамамен 1 мың сарбазынан айрылады деп есептейді.
Бұл соғыс 2022 жылғы ақпанда басталған. Қазір Ресей Украинаның, Қырымды қоса есептегенде, шамамен 20 пайыз аумағын басып алып отыр. Алайда 2024 жылдан бері Ресей әскері бар болғаны 1 пайызға алға жылжыған.