Елімізде 10 жылда тек екі отандық дәрі препараты әзірленді, оның өзі тізімге енбеген

2024 жылы Қазақстан фармацевтика нарығына 1,2 трлн теңге қаржы жұмсады. Алайда дәрілік заттардың 84%-ы шетелдік өнім. Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит барысында осындай кемшіліктер анықталғанын айтты.
Аудит қорытындысы денсаулық сақтау саласындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде кешенді проблемалардың барын көрсетті. Мәселелер ғылымнан бастап, өндіріс, реттеу және таратылымға дейінгі барлық деңгейде тіркелген.
Негізгі проблемалар:
- Фармацевтика нарығының 84%-ы шетелдік өнім: 2024 жылы нарық көлемі 1,2 трлн теңгеге жетсе де, отандық үлес аз.
- Ғылыми зерттеулер нәтижесіз: 10 жылда тек 2 отандық түпнұсқа препарат тіркелген. 4 млрд теңге жұмсалғанымен, біреуі де ұлттық формулярға енбеген.
- Преференциялар мен жеңілдіктер тиімсіз: 148 млрд теңге бөлінсе де, тек 34 отандық компания ұзақ мерзімді шартпен қамтылған.
- Өндірістік манипуляциялар: Кейбір компаниялар шетелдік өнімді отандық ретінде сатқан. Мысалы, 8 млрд теңгеге жеткізілген қолғаптар Таиландтан сатып алынған тауарлармен бірдей болған.
- Сапасыз өнім: 3 млрд теңгеге сатып алынған кейбір препараттар жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.
- Бюрократиялық кедергілер: Жаңа дәрілерді сатып алу үшін 5 түрлі тізбеге енгізу қажет. Бұл уақыт пен ресурсты ысырап етеді.
- Баға белгілеу жүйесі тиімсіз: Препарат бағасы зауыт бағасынан 172%-ға дейін көтерілген.
- Сараптама мерзімдері тым ұзақ: Норматив 210 күн болса да, орташа мерзім – 334 күн, кейбірі – 2,5 жылға дейін созылған.
- Фармакологиялық қадағалау әлсіз: 8 мың жанама әсер хабарламасының тек біреуі ғана нәтижелі шешімге жеткізілген.
- Уақытында жеткізілмеген дәрілер: 2022–2024 жылдары 207 дәрі уақытында алынбаған, 164-і мүлдем жеткізілмеген.
- Логистика мен сақтау: Соңғы үш жылда логистика шығыны 60%-ға өсіп, 11 млрд теңгеге жеткен. 67 мыңнан астам жарамдылық мерзімі жақындаған дәрі таратылған.
- Дәрілер заңсыз сатылған: Кейбір тегін препараттар заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада қайта сатылған. Бұл айырма кей жағдайда 600%-ға дейін жеткен.
- Клиникалық хаттамалар ескірген: 70%-ы 5 жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған.
Аудит нәтижесінде:
741 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар мен 32 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны анықталды. Сондай-ақ 58 млрд теңгеге шығын мен жіберілген пайда анықталды. Аталған құқықбұзушылықтардың нәтижесінде 134 факт бойынша әкімшілік іс қозғалып, 5 іс құқық қорғау органдарына жіберілді.
Еске сала кетйік, осыған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы 30%-ға арзандайтынын мәлімдеген болатын.