Жазда қысқы дөңгелекпен жүргендерге айыппұл салынады

1 маусым мен 31 тамыз аралығында елімізде қысқы шиналарды қолдануға ресми түрде тыйым салынған. Бұл талапты орындамаған жүргізушілерге 76 580 теңгеге дейін айыппұл салу көзделген.
Жаз маусымы басталған бойда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-тармағында белгіленген талаптар күшіне енеді. Аталған нормаларға сәйкес, көлік құралдары маусымға сай шиналармен жабдықталуы тиіс. Демек, жаз айларында қысқы дөңгелектерді (әсіресе шегелі) пайдалану – әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады.
Қысқы шиналар үшін салынатын айыппұлдар:
- алғашқы рет ереже бұзған жағдайда – 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), бұл 2025 жылы 19 145 теңге;
- бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК немесе 76 580 теңге.
Сонымен қатар, шегелі шиналарға да жаз мезгілінде тыйым салынады. Олар тек тиімсіз ғана емес, сонымен бірге асфальтты тез тоздырады.
Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап Қазақстанда жүк көліктеріне ыстық күндері кейбір тас жолдармен жүруге шектеу қойылды. Бұл шаралар күндізгі уақытта қолданылады және жол жамылғысын қорғауға бағытталған.