Қазақ-өзбек шекарасында шекарашылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен

Жарияланды
Фото: .kursiv.media архивінен

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» қазақ-өзбек шекара бекетінде әдеттегіден көлік көбейіп, адамдардың саны артқан. Осыған орай шекарашылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Кеденшілер мұны алдағы «Құрбан айт» мерекесі мен жаз мезгілінде саяхатшылардың көбеюінен көреді.

«Қапланбек» шекара бекетінде бүгін де адам саны көп. Көліктер де тізіліп тұр. Қазақстан жағында қауіпсіздікті сақтау мақсатында арнайы полиция көлігі де қойылған. Кезек күткен халық жол жиегін жағалай отыр. Аптап ыстықтан дені көлеңке іздеп кеткені байқалады.

Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» қазақ-өзбек шекара бекетінде көлік көбейіп, шекарадан өтуге адамдар ағылғанын растайды. Мысалы, департаменттің мәліметінше, 4 маусым күні кеден бекетінің Қазақстан жағында жиналған автокөлік саны 300-ден асқан. Жаяу шекарадан өтуге асыққандардың да қарасы көбейген. Кейбірі «бұл кеше, не бүгінгі мәселе емес» деп отыр.

«29 мамырда түнгі сағат 21:00-де шекараға келдім. Сенсеңіз, 30 мамыр таңғы сағат 09:00-де шығып кеттім. Дәл 12 сағат кезек күттім. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға қайтарда бес жарым сағат кезекте тұрдым. Міне тағы келіп тұрмын. Мұндағы негізгі мәселе кезек. Қиындық та кезекте, проблема да сонда», – дейді шекара бекетінде кезек күтіп тұрған жолаушының бірі.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті шекарадағы кептелісті алдағы «Құрбан айт» мерекесі және жаз мезгілінде саяхатшылардың көбеюімен байланыстырады. Департаменттің мәліметінше, қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті мен Өзбекстанның мемлекеттік кеден комитеті өзара кездесу өткізген.

«Кездесу барысында шекарадағы жағдайды жақсарту, екі елдің өткізу пункттері арқылы жеңіл автокөлік құралдарын өткізуді жеделдету мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта «Қапланбек» және Өзбекстан Республикасының «Навои» өткізу пункттері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Кезек күтіп тұрған автокөлік құралдарының санын азайту бойынша барлық шаралар қабылдануда» делінген облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің хабарламасында.

Қазақстандағы «Қапланбек» шекара бекетіндегі кептеліс туралы ақпарат апта басынан тарай бастады. Шекарадан ары-бері өткен жолаушылар шекарадан тез өтуге жағдай жасауды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз