Шымкентте балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер 5 күнге қамалды

Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 1 маусым күні Балалар күніне балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкерді Қылмыстық кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен кінәлі деп танып, 5 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
1 маусым күні Шымкенттегі «Жаңалық» супермаркеті Тұран-2 ықшам ауданында Балалар күніне орай мерекелік іс-шара өткізді. Онда мерекелік іс-шарадан бөлек тегін балмұздақ таратылды. Шараға жүздеген адам жиналған. Ұйымдастырушылардың әлеуметтік желіде жазуынша 800 балмұздақ тегін таратылған. Тарату кезінде ажиотаж болып, жиналған жұрт кезексіз балмұздаққа таласқан. Бұл туралы видеолар әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түсті. Ізінше неге бұлай болғанын «Жаңалық» супермаркеті өз парақшасында түсіндіруге тырысты.
«Біз барынша әділ етіп ұйымдастыруға тырыстық. Бірақ, өкінішке қарай, алда тұрған кейбір адамдар арттағыларға жол бермей, сатушыларымызға да жүріп-тұруға мүмкіндік бермеді. Сол себепті балмұздақты лақтыруға тура келді. Бұл – тәртіпсіздіктің салдары», – деп жазды ұйымдастырушылар.
Бұл «тәртіпсіздікке» қатысты полиция әкімшілік іс қозғап, шараны ұйымдастырған кәсіпкерді сотқа тартты.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты оны кінәлі деп танып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен (434-бабының 1-бөлігі) 5 күнге қамады.
Кәсіпкердің сот үкімімен келісетіні, не келіспейтіні жөнінде пікір алу мүмкін болмады