Кей айыпталушының жалған сөйлегенін біліп отырдық – адвокат Шекеев

Шерзат Полаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев Kursiv.Media тілшісіне сұхбат беріп, сот барысында кей айыпталушының жалған сөйлегеніне тоқталды.
«Қылмыстық-процестік кодекске сай, айыпталушылар жалған жауап бергені үшін жауапкершілікке тартылмайды. Жәбірленушілерге қарағанда олардың құқығы жоғары тұрады. Мәселен, іс барысында жәбірленуші жауап беруден бас тарта алмайды.
Заңда кінәсіздік презумпциясы деген бар. Ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес, мемлекеттік айыптаушы оның кінәлі екенін дәлелдеуге тиіс. Сондықтан қалай жауап бергісі келсе, солай жауап береді», – дейді жәбірленушінің адвокаты.
Мейірман Шекеев айтуынша, мұндай жағдайдың бәрін сот өз назарына алады.
«…Өтірік айтуы да мүмкін. Сот салыстырып, айғақтар жиынтығы бойынша шешім шығарады. Өтірік айтып отырған кей жағдайды көрсетіп отырмыз. Сот та қай жерде жалған жауап бергенін көріп отыр», – дейді Шекеев.
Айта кетейік, Шерзат Полат ісі бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымы сағат 16:00-де шығады. Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов кеңесу бөлмесіне кетті.
1,5 жылдан 23 жылға дейін соттауды сұрады
Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық істе 9 сотталушы бар.
2025 жылдың 2 маусымындағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар сотталушы оларды 1,5 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Абзал Шынасылды қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды;
Равиль Сакиевті қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыруды;
Шыңғыс Белғожаевты, Дархан Әскентайды, Дидар Қалиахметті, Нұрбол Тоқтаубаевты қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды;
Азамат Тоқтаубаевты қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруды;
Нұрқияс Ілиясовті қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыруды;
Думан Ысқақты (2007 жылы туған) қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.