Жаңалықтар

«Қоқан-лоқы көрсетті»: Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова сот үкіміне пікір білдірді

Перизат Нұрымова үкімге пікір білдірді/коллаж: kursiv.media

Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова сот үкіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KursivMedia.

«Сот үкіміне келісеміз. Бұл жерде «бұзақылық» бабы бойынша емес, «топтық бұзақылық» бабы бойынша қаралуы керек еді. Бұл – бірінші адвокаттарымыздың обалында кеткен дүние. Қазіргі қорғаушыларымыздың арқасында осындай үкім шыққанына шүкіршілік етеміз», – дейді ол.

Ол сотталғандардың жүзінен өкініш көрмегенін айтады.

«Сот біткеннің өзінде бұл балалардың ешқандай өкініші жоқ, өзімізге атылып, ата-анасы да атылып, «біз әлі шықпайды деп ойлайсыздар ма?» деген қоқан-лоқы жасалып жатыр. (Сотталушылардың) ешқайсысында өкініш жоқ, бізге тік қарап, қолдарымен қоқан-лоқы көрсетті. Сот аяқталып жатқан кезде де болды», – дейді Нұрымова.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотталушылардың сот залындағы әйнекті сындыруға дейін барғанын айтты.

«Сотталушылар терезені сындыруға дейін әрекеттер жасады. Бізді қауіпсіздік қызметкерлері басқа залға алып шықты. Ал істегі екі әйелге қатысты жеке қаулы шығарылды. Прокуратура ол бойынша егжей-тегжей тексеру жүргізеді. Оларды қылмыстық кодекстің 420-бабы – көрінеу жалған жауап беру және қылмысты хабарламау бабы бойынша жауапқа тарту қажет деп санаймыз», – деді адвокат.

Айта кетейік, 2025 жылдың 5 маусымында Шерзат Полат ісі бойынша 9 адамға сот үкімі шықты.