Шегіртке таралуына қатысты жазба жариялаған сарапшыға айыппұл салынды

Астана сотында Жамбыл облысында шегіртке тарағаны туралы жазған қоғам белсендісіне айыппұл салынды. Сот қаулысына сәйкес сарапшы Кирилл Павлов осылайша 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Іс елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Істің мән-жайы
Астана сотының хабарлауынша, Кирилл Павлов «К» арнасында Жамбыл облысындағы шегіртке зиянкестерінің, оның ішінде итальяндық прустың таралу ауқымы туралы жалған ақпарат жариялаған.
Бұл факт Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Жамбыл филиалының өтініші бойынша Астана қаласы Нұра ауданының полиция басқармасында тіркелген.
«Бұл басылымда итальяндық прустың таралуы туралы дұрыс емес ақпарат бар, атап айтқанда оның таралу ауқымы 5 миллион гектардан асады деген мәлімдеме болған», – делінген сот таратқан ақпаратта.
Сотта Павлов айыпты мойындамады және оның жариялаған ақпаратты ресми дереккөзден алынғанын жеткізген.
Сот шешімі
Сот барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитеті Павловтың ақпарат алу үшін ресми сауалды 2025 жылдың 6 мамырында жолдағанын мәлімдеген. Алайда шегіртке туралы жазба оған дейін жарияланғанын айтқан.
Сот қаулысы бойынша Павлов әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2 бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Кирилл Павловтың ұстанымы
Сот қаулысынан кейін Кирилл Павлов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол өзі жариялаған жазбаның нақты қай тұсы шындыққа сәйкес келмейтінін сот түсіндірмегенін жазды.
«Сот шешімді жариялаған кезде тек «жарияланған ақпарат ресми деректерге сәйкес келмейді» деп қана айтты. Айыпқа бұйырмаңыздар, бірақ біздің өміріміздің өзі ресми ақпаратқа сай келмейді – мысалы жалақы деңгейі, картоп бағасы немесе ресми инфляция деңгейі. Мен Жамбыл облысындағы шегірткенің таралу аймағы (5 млн гектар) еліміз бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі өңдейтін аумақтан (2,1 млн гектар) әлдеқайда үлкен екенін жаздым. Министрлік дерегіне сәйкес, ел бойынша 17 млн гектар жер тексерілуге тиіс екен. Бұл менің болжамдарымды растайды емес пе?”, – деп жазды Павлов.
Ол мұны сарапшылар қауымдастығына жасалған соққы деп атады.
«Егер енді ресми деректермен салыстырылған болжамдар үшін де сарапшыларды соттап, айыппұл салатын болса, ертең кімнің болжауға батылы барады?», – деді ол.