Тағылған айыпты мойындамаудан кешірім сұрауға дейін: Шерзат ісі қалай өрбіді

Талғарда қайтыс болған жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін 9 адам сотқа тартылды. Ішінде кәмелетке толмаған 11-сынып оқушысы да бар. Қылмыстық іс бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымында шығады.
KursivMedia сотталушыларға тағылған айып пен олардың қалай әрекет еткеніне, куәлердің берген жауабына шолу жасады.
Істің мән-жайы
Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылдың 3 қазанынан 4 қазанына қараған түні қайтыс болды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, бұл істі ішкі істер министрі өз назарына алған.
Марқұмның отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.
Оқиға «Қамажай» дүкені маңына болған. Қайғылы жағдайдан кейін дүкеннің алдына Шерзаттың фотосы қойылды, жергілікті тұрғындар гүл шоқтарын қойған.
Ал 8 қазанда іс бойынша Қонаев қаласы полициясы тергеуді бастап, 9 адамды ұстап, оның 2-і куәгер ретінде босатылды.
Ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасы
2024 жылдың 9 желтоқсанында Талғар маңында марқұм Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Алматы облысының полициясы оның өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын хабарлады.
«Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады», – деп мәлімдеді полиция.
Изоляторда туған күн тойлаған
2025 жылдың ақпанында әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны көрсетілген видео тарады. Содан кейін полиция «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы негізінде қызметтік тергеу жүргізген.
Нәтижесінде мұндай әрекетке жол берген кінәлі тұлға анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылған.
Желіде тараған видеоға сәйкес, қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандар бір камерада отырған. Алматы облысы полиция департаменті күдіктілердің бөлек камераларға орналастырылғанын, оларға заңға сәйкес тиісті шара қабылданғанын мәлімдеді. Алайда қандай шара екенін нақтыламады.
Қылмыстық іс 62 томнан тұрады
2025 жылдың ақпанында қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаны, тараптардың іс құжаттармен танысып шыққаны айтылды.
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексеріліп, процесс қатысушылары арасында беттестіру өткізілген.
«Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдеме, сараптама қорытындысы, жауап алу хаттамасы және басқа да маңызды материал бар», – деп хабарлады полиция.
Сот Талдықорғанда басталды
Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2025 жылдың сәуірінде басталды. Істі судья Ержан Жанұзақов қарайтын болды.
Іс бойынша 9 сотталушы бар:
Равиль Сакиев 1998 жылы туған, Қазақстан азаматы, қазақ, білімі – орта, бойдақ, мейрамханада жұмыс істеген. 2021 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген. Соттылығы жойылған.
Шыңғыс Белғожаев 2000 жылы Талғарда туған, қазақ, Қазақстан азаматы, білімі – жоғары, бойдақ. Спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. Бұрын сотты болған, 2015 жылы бас бостандығы шектелген, соттылығы жойылған.
Дархан Әскентай 1993 жылы туған, қазақ, білімі – орта, бойдақ. 2017 жылы іске тартылған, іс тергеу сатысында тоқтатылған.
Нұрқияс Ілиясов 1998 жылы туған, қазақ, білімі – орта, жұмыссыз, бойдақ. 2023 жылы 2,6 жылға бас бостандығы шектелген. Соттылығы өтелмеген.
Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, қазақ, білімі – орта, жеке кәсіппен айналысқан, үйленген. 2024 жылдың 17 қазанында 7 жылға сотталған.
Нұрбол Тоқтаубаев 1996 жылы туған, қазақ, білімі – орта, үйленген, бұрын сотталмаған.
Дидар Қалиахмет 1998 жылы туған, қазақ, білімі – орта, үйленген, екі баласы бар.
Думан Ысқақ 2007 жылы туған, қазақ, 11-сыныпта оқиды.
Сотталушылар қалай әрекет еткен?
Айыптау актісі мәтіні:
2024 жылдың 3 қазанында кешкі 23:22 шамасында Дархан Әскентай масаң күйде «Қамажай» дүкеніне кірген. Ол жерде үш бөтелке сатып алып, ақшасын төлеген. Арада 11 минут өткен соң «Қамажай» дүкені ішіне Қаржаубай Нұрымовтың (жәбірленуші) ұлы – кәмелетке толмаған Шерзат (марқұм) кірген. 23:47-де Әскентай дүкенге қайта кіріп, Нұрымовқа телефонын беріп, қуаттауды сұраған. Нұрымов телефонды қуаттағышқа қосқан. Мұның бәрін дүкен ішінде болған Шерзат Полат бақылап отырған. Содан кейін дүкеннен шығып, Әскентайды бақылаған. Біраз уақыт өткен соң Әскентай телефонын алып, дүкен алдында сыра ішуін жалғастырған.
23:52-де кәмелетке толмаған Полат Дархан Әскентай әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты балағат сөз айтты деген болмашы себепті пайдаланып, дүкен алдында тұрған Әскентайдың оң жақ көзі тұсынан екі рет жұдырықпен соққы жасаған. Бұл мән-жайды дүкен ішінен бақылап тұрған Нұрымов бірден сыртқа шығып, өзінің баласы – кәмелетке толмаған ұлына ескерту жасап, дүкеннен су алып, Әскентайдан аққан қанды жууға көмектесіп, ұлының әрекеті үшін Әскентайдан кешірім сұрап, келген зақымды өтеп беремін деген. Алайда Әскентай Нұрымовтың кешірім сұрағанына назар аудармай, жағдайды егжей-тегжей шешу үшін «Қамажай» дүкені алдына өзінің танысы Нұрбол Тоқтаубаевды шақырған.
Нұрымов жағдайды ушықтырмау үшін дүкенге туған інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты шақырған. Ғайыпбаев дүкенге жеке автокөлігімен жалғыз өзі келген. Сол жерде Дархан Әскентай мен Нұрбол Тоқтаубаев Ғайыпбаевқа наразылығын айтқан. Сол жерде Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзат Полаттың кәмелет жасына толмағанын, көп дүниені түсінбейтінін айтып жеткізген. Інісінің атынан кешірім сұраған. Алайда ол мән-жайды білместен, Дархан Әскентайды дүкенде жасаған саудасының ақшасын төлемеді деп айыптаған. Содан кейін Дархан Аскентай мен Нұрбол Тоқтаубаев дүкен маңынан кетіп, біраз уақыттан кейін қайта оралған.
Нұрымов дүкен алдында тұрған Әскентайдың әрекетіне ашуланып, яғни кешірім сұрағанына қарамастан, жанжал шығарғысы келіп, басқа адамдарды шақырып жатқанын көріп, оған деген жеке бас араздығы пайда болып, дүкен кассасында тұрған асхана пышағын алып, сыртқа шығып, Әскентайға қарай оқталған. Алайда кәмелетке толмаған Полат әкесінің алдынан шығып, оны сабырға келтіріп, дүкенге қайта кіргізген. Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев өзінің бауыры Азамат Тоқтаубаев және таныстары Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Нұрқияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаевтан «Қамажай» дүкеніне келуін сұраған.
…Өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін Шынасыл «Қамажай» дүкенінің солтүстік-батыс бұрышында 00:42-де Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, соңынан әкесі Нұрымов, жалдамалы автокөлікпен келген анасы Бишембиеваның, әжесі Қадырованың жүргеніне қарамастан, олардың көзінше аса қатыгездікпен бұзақылық ниетпен Полаттың өмірлік маңызды органы – жүрек тұсына ас пышағын сұғып алған.
Шерзат алған жарақатынан отырып қалған. Оны анасы Бишембиева көріп, ұлына қарай бармақшы болғанда сотталушылар Ілиясов пен Шынасыл оны жібермей қояды. Осы кезде Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзаттың «Нұрқанат аға, менің ішіме бірдеңе сұғып алды» деген дауысын естиді де, Шерзатқа барып, жедел жәрдем шақыруды сұрап, «скорый, скорый» деп айқайлайды.
Әрі қарай Әскентай, Тоқтаубаев, Ілиясов, Сакиев, Шынасыл Нұрқанат пен Шерзатқа қарай барады. Ол жерге оларға бұрын Шерзаттың анасы жетіп, баласын құшақтап алады.
Осы кезде Белқожаев Полаттың басынан теуіп, бәкі пышағының сабымен Полаттың басынан бірнеше соққы жасаған. Ал Ілиясов аңшы мылтығымен Полаттың басынан ұрады, бірақ соққы Бишембиеваның оң қолына тиеді. Ілиясов онымен шектелмей, мылтықтың сабымен Ғайыпбаевты бірнеше рет ұрады. Осы уақытта Әскентай, Тоқтаубай, Белғожаев, Ілиясов, Тәкиев және Шынасыл Ғайыпбаев пен Полатты ұрып соққан.
Содан соң Шынасыл мен Сакиев Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына үш пышақ жарақатын салған.
Тағылған айыпты мойындамады
Абзал Шынасыл өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.
«Шерзат Полатқа пышақ сұққан мен емеспін. Ғайыпбаевқа қатысты тұсын мойындаймын. Толық көлемде мойындамаймын», – деді айыпталушы Шынасыл.
Шыңғыс Белғожаев өзіне тағылған айыпты мойындады.
«Айыптау актісінде арасында көрсетілген кей әрекетті мойындамаймын. Пышақтың сабымен ұрған жоқпын», – деді ол.
Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ кінәні мойындамайтынын айтты.
Азамат Тоқтаубаев айыпты жартылай мойындайтынын айтты.
«Қылмыс болған жерде болдым, бірақ қолымда пышақ болған жоқ. Қылмыстық кодекстің 188-бабын маған іліп қойыпты. Оны мойындамаймын. Телефонды ұрлау мақсатында алмадым», – деді Тоқтаубаев.
Нұрбол Тоқтаубаев айыпты жартылай мойындады.
«Қолыма қару ұстаған жоқпын, Шерзат Полатқа қолымның ұшы тиген жоқ. Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкенімді мойындаймын», – деді ол.
Оқиға орында болған екі әйел куә ретінде қатысты
Қайғылы жағдай кезінде сотталушылармен бірге оқиға орнына болған екі әйел Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді сотқа куә ретінде қатысты. Олардың соттағы жауабын ұсынып отырамыз:
Прокурор: Сіздердің қолдарыңызда ұялы телефон болды ма?
Куәгер Эльмира Нұрбекова: Ұялы телефон сөмкемде болды. Сөмкем көлікте болды.
Прокурор: Неге ол көліктің ішінде тұрды? Сіздерге сол жерге (қылмыс орнына) полиция мен жедел жәрдемді шақыруға кім кедергі келтірді?
Куәгер Эльмира Нұрбекова: Мен жедел жәрдемге қоңырау шалғым келді. Бірақ қорықтым.
Прокурор: неге қорықтыңыз?
Куәгер Эльмира Нұрбекова: Біріншіден, мен шок жағдайында болдым. Мен телефонымның қайда қалғанын білмедім. Телефон ұстап тұрған әйелді көрдім, оған 3-4 рет дауыстап «жедел жәрдем шақырыңыз» деп айғайладым.
Ал Дана Жақсыгелді 1999 жылы Талғар қаласында туған, білімі – орта, жұмыссыз, ажырасқан.
Әйел сотталушылардың ішінде Абзал Шынасыл, Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаевты танитынын айтты.
«Көлікке бәрі бірге отырды, сол кезде алып келгенін көрген жоқпын. Көлік жүргеннен кейін көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрды. «777» дүкеніне бардық. Эльмира Dizzy сусынын алып шықты. Абзал (Шынасыл – ред.) еңкейіп тұрған кезде капоттың үстінде тұрған Dizzy-ді әперші деді. Сосын «құя салшы» деді. Сол кезде пышақтың жүзін байқадым», – деді Дана Жақсыгелді.
Сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев екі әйелге қатысты жеке қаулы шығарып, оны әрі қарай процестік шешім қабылдау үшін Алматы облысы прокуратурасына жолдауды сұрады.
Сотталушылар кешірім сұрады
Мемлекеттік айытаушы жарыссөз барысында сотталушыларды 1,5 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылардың бәрі 2025 жылдың 3 маусымында соттағы соңғы сөзін айтты. Олар сөзін марқұм Шерзат Полаттың отбасынан кешірім сұраудан бастады.
«Құрметті сот, сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын. Бір үйден екі азамат сотталып отыр. Әке-шешемізге обал, бала-шағамыз жетім қалды. 2024 жылы үйленіп, қызды болғаннан кейін өмірге дейін көзқарасым өзгерді. Қазір отбасылық жағдайымды ойлаймын. Жазамды өтеп шыққаннан кейін өзгеремін. 7 жыл, 15 жыл деп жатыр. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру сияқты көрінеді. Өзімді қоғамға қауіптімін деп есептемеймін. Мені 7 жыл 2 ай мерзіммен қалдыруыңызды сұраймын», – деді сотталушы Азамат Тоқтаубаев.
«Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Істеген ісімді мойындаймын. Қолымда пышақ болған жоқ. Мені өлтіріп қояды деп, атқаны үшін ұрдым. Әділ жаза беруіңізді сұраймын», – деді сотталушы Нұрқияс Ілиясов.
Үкім 5 маусымда шығады
Шерзат Полат ісі бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымы сағат 16:00-де шығады.