Сот Ержан Жанұзақов Шерзат ісінде шығарған үкімін түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісі бойынша сот үкімі шықты/фото: kursiv.media

Шерзат ісін қараған судья Ержан Жанұзақов 9 адамға қатысты шығарған үкімін түсіндірді.

Сот дәлелдерді зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәлары толық дәлелденген деген тұжырымға келген.

«Жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар бар. Заттай дәлелдемелер алынған, қажетті сараптамалардың барлығы өткізілген. Олардың шынайылығында күмән жоқ. Бұл дәлелдемелер сотталушылардың әрқайсының әрекетін айқын анықтауға мүмкіндік береді», – деді судья Жанұзақов.

Шынасылдың нақты Шерзат Полатқа, оның өліміне алып келген пышақ жарақатын келтіргені, медициналық-криминалистік сараптама қорытындысымен бекітілген. Сараптама Шынасылдан алынған пышақпен жарақат келтірілгенін көрсетті.

Пышақ Шынасыл көрсеткен жерден алынған. Тергеу кезінде Шынасыл кінәсін мойындап айғақ берген.

«Басқа сотталушылардың әрекеттері салдарынан Шерзат Полатқа жеңіл дәрежелі зиян келтірілген. Бұл да сараптама қорытындысы арқылы расталған», – деді судья.

Заң бойынша адам өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп, егер ол екі немесе одан да көп тұлғалардың бірлесіп жасаған әрекеттерімен жасалған кезде танылады.

Өлімнің себебі бір пышақ соққысынан болған және оны Шынасыл жасаған. Сәйкесінше, ол адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылған.

Бұзақылық заң бойынша барынша арсыздықпен ерекшеленетiн, күш қолданумен, соның ішінде жеңіл дәрежелі денсаулыққа зиян келтірумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті аса қатыгездікпен бұзу.

Сондықтан жәбірленушілердің денсаулығына, соның ішінде Полаттың, жеңіл дәрежелі зиян келтірген сотталушылардың әрекеттері бұзақылық ретінде сараланған.

«Шерзат Полатқа соққы келтірген Белғожаев пен Ильясовтың қолдарында пышақ және оқталған мылтық болғанын ескеру қажет, яғни олар жәбірленушіні сол пышақтың жүзімен ұрып және мылтықпен атуға мүмкіншіліктері болған, бірақ олар пышақтың сабымен және мылтықтың түбімен ұрған.

Жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 53-бабында қаралған жеңілдететін мән-жайларды тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевта, Калиахметте (жас балаларының болуын) және Ысқақтың кәмелетке толмағанын ескерді», – деді Жанұзақов.

Ал жазаны ауырлататын мән-жай ретінде олардың масаң күйде болғаны ескерілген.

Сонымен қатар сот сотталушылардың жеке басын, олардың бір бөлігінің бұрын сотты болғандарын ескерген.

Сондай-ақ оқыңыз