
Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім шығарып, 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілген.
«Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді», – делінген хабарламада.
Ұлттық банк қалыптасқан жоғары инфляция ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап ететініне назар аударған.
«Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ауысқан. Бұл базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығын арттырады», – дейді ҰБ.
Бұған дейін сарапшылар бас банкті қиын таңдау күтіп тұрғанын айтып, негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру мүмкін деген болжам жасаған.
2025 жылдың наурызында реттеуші базалық мөлшерлемені 16,5%-да қалдырған еді. Бірақ ол инфляция қарқынын тоқтата алмады. Мамырда инфляция жылдық есепте 11,3%-ға дейін жетті.
BCC Invest сарапшылары макроэкономикалық көрсеткіштерін тұрақты бақылауы мен бағалауға негіздей отырып, ҰБ мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдыруы ықтимал деп тұжырымдаған.
Halyk Finance сарапшылары да осындай пікірде білдірді. Өйткені мамандар еліміздің қазіргі экономикалық саясатында бір-біріне қайшы келетін факторлар бар екенін атап өтеді. Ұлттық банк жоғары пайыздық мөлшерлеме арқылы инфляцияны тежеуді көздесе, Үкімет керісінше, жеңілдетілген несие арқылы экономиканы ынталандырып отыр.
«Бұл екі шара – жоғары ставка мен арзан несие – бір-біріне қайшы. Мұндай саясат қаржы және бюджет тетіктерінің тиімділігін төмендетуі мүмкін», – дейді Halyk Finance мамандары.
Базалық мөлшерлеме – банктер үшін несиенің құнын анықтайтын негізгі құрал. Ол жоғары болса, несие алу қиындап, бұл инфляцияны тежеуге көмектеседі.