
Қай банктер криптокарта ашуға болады / Фото:shutterstock бильд-редактор Ахтам Зиперов
Қазақстанда бес банктен криптовалютаға байланған жаңа төлем құралы – криптокарта ашуға болады. Бұл – Ұлттық Банктің бастамасымен жүзеге асып жатқан пилоттық жоба. Қазір жобаға Halyk Bank, ForteBank, Freedom Bank, Bank RBK және Altyn Bank қатысып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг кезінде мәлімдеді.
Криптокарта деген не?
Криптокарта – бұл кәдімгі банк картасы, бірақ ол клиенттің криптобиржадағы әмиянына (wallet) байланған. Мысалы, егер сіздің Binance немесе АХҚО-да тіркелген криптобиржада ашылған әмияныңыз болса, сол арқылы Қазақстанның кез келген нүктесінде тауар немесе қызмет ақысын төлей аласыз.
«Криптокарта арқылы криптоактивті сол сәтте нарықта сатып, оның теңгедегі баламасы картаға түседі. Одан кейін төлем қарапайым банк картасындағыдай жүзеге асады», – деп түсіндірді Сүлейменов.
Бұл картамен онлайн төлем жасап, POS-терминал арқылы сатып алып, тіпті қолма-қол ақша шешуге де болады.
Дегенмен, Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды криптовалютаға қатысты сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, көптеген адам криптовалютаны «жылдам баю жолы» деп түсінеді.
«Адамдар криптовалютаны бір сиқырлы таяқша сияқты көреді. Салсаң – ақша көбейеді деп ойлайды. Бұл көзқарас алаяқтар мен қаржы пирамидаларына жол ашып отыр. Ал, шын мәнінде, бұл – тәуекелі өте жоғары, күрделі және ашықтығы төмен қаржы құралы», – деді ол.
Сүлейменов криптовалютамен тек инвестициялық стратегиясы бар, тәжірибелі инвесторлар ғана айналысуы керек екенін айтты. Қарапайым азаматтар оны банктегі депозитпен шатастырмауы тиіс.
Бұған дейін Ұлттық Банк криптоайырбастау пункттерінің жұмысына да рұқсат беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бұл айырбастау орындары арнайы лицензиямен жұмыс істейді және тек рұқсат етілген криптовалюталармен операциялар жүргізе алады
Қазір осы саланы реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол осы күзде Мәжіліске ұсынылады, ал 2026 жылдың басына дейін толық заңдық негіз дайын болады деп жоспарланған.
Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта криптовалютағы заңды түрде пайдалануға болатын крипто-аймақ құрылытынын мәлімдеді.