«Самұрық-Қазынаны» тарату дұрыс шешім емес – Ұлттық банк төрағасы

Жарияланды 5 Маусым 2025 14:53

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Сүлейменов «Самұрық-Қазына» қорына қатысты пікір білдірді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тимур Сүлейменов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын тарату дұрыс шешім емес деп тұжырымдайды. Бұған дейін Мәжіліс депутатттары әл-ауқат қоры бюджетке масыл болып отыр деп мәлімдеп, оны таратып жіберуді ұсынған.

Базалық мөлшерлемеге арналған брифинг барысында журналистер Сүлейменовтен қорға қатысты пікірін сұрады.

«Бұл менің тікелей құзыретіме кірмейді, бірақ…»

ҰБ төрағасының айтуынша, бұл мәселе оның тікелей құзыретіне жатпайды. Дегенмен, ол қоғамда жиі талқыланып жүрген бұл тақырыпқа қатысты көзқарасын ашық жеткізді. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» 15 жылдан астам бұрын құрылған. Оның басты мақсаты – мемлекеттік компанияларды бірыңғай басқару жүйесіне біріктіру болған.

«Мен аудитор емеспін, бірақ ашық деректерге сүйенсек, бұл жүйе негізінен іске асқан деп айтуға болады. Егер қазір «Самұрық-Қазынаны» таратып жіберсек, не болады? «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», КТЖ, «Қазақтелекомды» кімге береміз? Салалық министрліктерге ме? Министр не болатынын өзі шешсін бе? Бұл жағдайда жүйелілік жойылып, бұдан да аз ашықтық болар еді», – деді Сүлейменов.

Бір орталықтан басқару – тиімділік кепілі

Сүлейменов қордың тағы бір маңызды артықшылығына тоқталды. Ол- бір орталықтан басқару арқылы тапсырмалардың орындалуын жеделдету. Ол «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесін премьер-министрдің өзі басқаратынын еске салды. Бұл жүйе Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын тікелей еншілес компанияларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық банк бүгінгі кезекті шешімінде базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз