«Қайда не арзан екенін біледі»: Сүлейменов отбасы бюджетін кім жүргізетінін айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов отбасы бюджетін жұбайы жүргізетінін айтты. Бұл туралы ол базалық мөлшерлемеге қатысты өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап бере отырым мәлімдеді.
«Менің отбасымда бюджетті, әрине, әйелім жүргізеді. Біріншіден, ол қазір декретте, уақыты көбірек. Екіншіден, қай жерде не арзан, дүкеннен алған дұрыс па, әлде онлайн тапсырыс берген тиімді ме – соның бәрін жақсы біледі», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы бұл – қоғамда қалыптасқан жағдай екенін айтып, мұны «Қазақстандағы отбасыларға тән ерекшелік» деп сипаттады.
Сексизм туралы сұраққа жауап берген Сүлейменов өзінің жеке жағдайын ғана баяндағанын атап өтті.
«Мен дәл солай болуы керек деп отырған жоқпын. Бізде осылай. Басқа отбасыларда басқаша. Мысалы, Әлия Мейірбекқызы (Ұлттық банк төрағасының орынбасары) Ұлттық қор, БЖЗҚ мен тағы да басқа қорларды есепке алғанда, 150 млрд долларды басқарады. Әйел немесе ер адам болсын – әркім өзі таңдаған салада жұмыс істейді», – деді ол.
Сүлейменов күнделікті шығындарды жұбайы бақылайтынын, ал ірі шешімдер отбасында бірлесіп қабылданатынын айтты.
«Біз шығындарды бақылап отырамыз, бірақ әр күн сайын «қандай сүт алдың, оған қанша жұмсадың» дегендей есеп сұрамаймыз. Бұл – рөлдер мен ресурстарды дұрыс бөлу деп есептеймін», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін депутат Ардақ Назаров отбасылық бюджет туралы айта келе, азық-түлікке айына 50 мың теңге жұмсаймыз деп мәлімдеген.