Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге төмендетпей отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тимур Сүлейменов
Базалық мөлшерлеме неге жоғары / Фото: ҚР Ұлтты банкі, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың 5 маусымында Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені тағы да 16,5% мөлшерінде қалдырды. Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешім қазіргі инфляциялық жағдай мен оның қысқа мерзімді тұрақсыздығына байланысты қабылданған.

Инфляция неге төмендемей тұр?

Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жеткен. Бұл — күткен деңгейден жоғары. Бағаның бұлайша өсуіне бірнеше себеп бар:

  • Реттелетін тарифтердің қымбаттауы,
  • Қызмет көрсету саласындағы бағалардың күрт көтерілуі,
  • Азық-түлік өнімдерінің тұрақсыз әрі жедел қымбаттауы,
  • Ішкі тұтынушылық сұраныстың артуы және өндірістік шығындардың өсуі.

Сонымен қатар Сүлейменов халықтың инфляциялық күтулері де нашарлап отығанына назар аударды. Сәуірде бұл көрсеткіш 12,2% болса, мамырда 14,1%-ға жетті. Яғни, қазақстандықтар алдағы уақытта баға тағы өседі деп күтеді. Бұл — инфляцияны тежеуге бағытталған саясатқа қосымша қысым түсіреді.

Тимур Сүлейменов брифинг барысында бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігін азайту қажет екенін айтты. Оның айтуынша, Үкіметпен бірлесіп фискалдық саясатты теңгерімді ету жұмыстары жүріп жатыр.

«Салық реформасы нәтижесінде алдағы жылдары бюджет мұнай кірісіне, әсіресе, Ұлттық қордан берілетін трансферттерге азырақ тәуелді болады деп күтеміз. Бұл жалпы сұраныс тарапынан келетін инфляциялық қысымды жеңілдетеді», — деді ол.

Алтын арқылы нарықтан ақша қалай алынып жатыр?

Сүлейменов сондай-ақ Ұлттық Банктің «айналау» деп аталатын операциялар арқылы нарықтағы артық ақшаны (өтімділікті) азайтып жатқанын айтты.

Биыл бес айда бұл механизм арқылы 1,2 трлн теңге нарықтан шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 3,3–3,6 трлн теңге айналымнан алынуы мүмкін. Бұл – инфляциямен күрестегі маңызды құралдардың бірі.

Инфляция не болады?

Бұл ретте Ұлттық Банк болжамын жаңартып, 2025 жылы инфляция 10,5–12,5% деңгейінде болады деп күтіп отыр. 2026 жылы – 9,5–11,5%, ал 2027 жылы – 5,5–7,5% аралығында тұрақтанады деген жоспар бар. Бұл — қатаң ақша-кредит саясаты мен бюджеттік шығындарды қысқартудың нәтижесі ретінде болжанып отыр.

Неліктен мөлшерлеме өзгермеді?

Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемені төмендетуге ерте. Инфляцияны тудыратын факторлар әлі де күшті, ал халық пен нарықтағы күтулер – тұрақсыз. Осы себепті Ұлттық Банк мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалдыруы мүмкін. Тіпті, қажет болса — көтеру нұсқасын да қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз