Маңғыстауда курорт салғысы келген Эмин Агалоровтың бастамасына халық наразы

Әзербайжандық танымал әнші әрі миллиардердің ұлы Эмин Агаларов Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында жаңа құрылыс жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жуырда әнші Бозжыра шатқалына барып, табиғаттың сұлулығына тәнті болғанын жазды. Агаларов бұл жерді жаңа туристік жобасына лайықты орын ретінде қарастырып жатқанын мәлімдеді.
«Бұл – тарих, энергия және нағыз кинематография. Шабыттанып жатырмыз. Жұмыс істеп жатырмыз. Жақында көрсетеміз», – деп жазды.
Эминнің жоспарына сәйкес, Маңғыстау облысында Каспий теңізі маңында демалыс аймағы, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым қарастырылған ірі курорттық кешен салынбақ. Алайда оның Бозжыраға қызығушылық танытуы қазақстандықтардың наразылығын тудырды.
Жергілікті тұрғындар мен табиғат жанашырлары Бозжыраның табиғи және мәдени маңызы зор екенін айтып, бұл аумақта кез келген құрылысқа қарсы екенін білдірді.
Желі қолданушылары Агаларовтың парақшасында пікір жазып жарысуда:
«Неге жергілікті халықпен ақылдаспайды? Бірнеше шенеуніктің келісімімен қасиетті жерлер сатылуы тиіс пе?», «Өз еліңізде салыңыз, біздің табиғатымызды бізге қалдырыңыз», «Осы сұлулықты сол күйінде қалдыруға болмай ма? Табиғаттың ең көркем тұсы – оның өзгермеген таза қалпы»
Айта кетейік, Эмин Агаларов – Agalarov Development компаниясының президенті. Бұл компанияның құрамында қонақүйлер, мейрамханалар, фитнес-клубтар мен басқа да жобалар бар. Сонымен қатар Өзбекстанда Чарвак су қоймасының жағасында Sea Breeze атты заманауи туристік орталық салуды да жоспарлап отыр.
Эминнің әкесі, белгілі кәсіпкер Араз Агаларов – Crocus Group холдингінің иесі. Бұл топ сауда орталықтарын, көрме кешендерін, тұрғын үй жобаларын және мәдени инфрақұрылым нысандарын қамтиды. Сондай-ақ оның меншігінде 2024 жылғы наурызда лаңкестік оқиға болған «Крокус Сити Холл» залы да бар.