
Алматы қаласынан республикалық бюджетке 3,7 трлн теңге салық түскен. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың кезекті XXX сессиясында Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков айтты.
«Алматы қаласы – еліміздің жетекші экономикалық орталығы және мемлекеттік бюджеттің негізгі доноры. 2024 жылы Алматы қаласы мемлекеттік бюджеттің барлық кірістерінің шамамен 26%-ын қамтамасыз етті. 2025 жылы 1 мамырға бұл көрсеткіш 28,6%-ға дейін өсті», – деді Сухамбеков.
Ал мемлекеттік бюджетке жалпы 5,6 трлн теңге түсім түскен. Оның 5,5 трлн теңгесі салықтан түскен. Бұл түсімдердің:
- 3 трлн, 31,9 млрд теңгесі республикалық бюджетке түскен. Оның 3 трлн 703,9 млрд теңгесы салықтан түскен.
- ал 1 трлн 874 млрд теңгесі жергілікті бюджетке түскен; оның 1 трлн 810,9 млрд теңгесі салықтан түскен.
2022 жылдан бері бюджеттік түсімдер өскен
Салық түсімдерінің ішінде шағын және орта бизнестің үлесі 69%-ды құраған.
«Жергілікті бюджетке түсімдер бойынша бекітілген жоспар 129,8%-ға орындалды. Оның басым бөлігі салықтық түсімдерге тиесілі. Жоспарланған 1 трлн 383,1 млрд теңгенің орнына нақты 1 трлн 810,9 млрд теңге түсті, бұл жоспардың 130,9%-ы. Артық орындалу сомасы – 427,8 млрд теңге. Жалпы түсімдер құрылымындағы меншікті кірістердің үлесі 93%-ды құрады», – деді әкімдік өкілі.
Сухамбеков 2022 жылдан бастап жергілікті бюджетке меншікті кірістердің тұрақты өскенін айтты. Мәселен, 2022 жылы 1 трлн 175,2 млрд теңге түсім түссе, 2024 жылы бұл көрсетікші 1 трлн 874,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Түсімдер 1,6 есе өскен. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 867,3 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.