Алматыға келген туристерден түскен салық 91 млрд теңгеге жеткен

Алматыға келетін шетелдік туристердің саны артқан. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада туризмнің дамуына қатысты Туризм басқармасының есебін тыңдаған.
Туризм басқармасының есебінде 2024 жылы Алматыға 2,3 млн турист келгені айтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға көп екен. Мұның ішінде шетелдік туристердің үлесі де айтарлықтай артқан. 2,3 млн адамның 27%, нақты айтқанда 686 мыңы шетелден келген.
Туризмнен түскен табыс
Әкімдіктің мәліметінше, қалаға келетін туристер есебінен жергілікті бюджетке түсетін қаражат көлемі артып, қала экономикасына оң әсер еткен.
«Қалаға келушілер санының артуы Алматы экономикасына септігін тигізіп отыр. 2024 жылы туризм саласынан түскен салық 90,7 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетіп, 2,1 пайызға ұлғайды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жоспар
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы халықаралық туристік рейтингтерде, CNN және Booking.com секілді атақты платформаларда саяхаттауға арналған ең тартымды бағыттардың бірі ретінде танылған.
Бұдан бөлек, алматылық туроператорлар шетелдік серіктестермен 156 келісім жасаған. Келісім бойынша 2027 жылға дейін 110 мыңнан астам шетелдік турист қабылдау көзделген. Бұл шаралардың экономикалық әсері 165 млн долларды құрайды. Қалаға келген әр туристің орташа шығыны – 1 500 доллар көлемінде есептелген.