Кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары жиілеп кетті – Денсаулық министрлігі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
кенедерден
Кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары жиілеген /Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары жиілеп кеткен. Жыл басынан бері 9 мыңға жуық адамды кене шаққан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы жылдың басынан бастап Қазақстанда кене энцефалитінің 17 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 жағдайға артық», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қай өңірде кене көп?

Министрліктің мәліметінше, кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысында көп тіркелген. Нақты айтқанда, 6 жағдай тіркелген. Ал Ақмола облысында 4 адам зардап шексе, Шығыс Қазақстан облысында – 3, Алматы облысында – 2, Павлодар облысы мен Алматы қаласында бір адамның инфекция жұқтыру жағдайы тіркелген.

Сонымен бірге осы жылы энцефалит жұқтыру жағайы бұрын эндемиялық деп есептелмеген аумақтардан да анықталған. Кенелердің бұлайша таралуына климаттың өзгеруі және ыстықтың ерте басталуы себеп болған. Салдарынан иксод кенелерінің таралу аймағы кеңейген.

Қанша адамды кене шаққан

Жыл басынан бері 8 840 адамды кене шаққан. Оның 3 444-і 14 жасқа дейінгі балалар. Барлық кене шаққан адамдар дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 88%-ы, яғни 7 736-сы иммуноглобулинмен шұғыл профилактика алған. Қалған 12% адамға профидкатикалық мақсатта препарат салынбаған. Себебі кейбірі эндемиялық аймаққа жатқызылмаған, енді бірі кеш қаралған, өздігінен бас тартқан, вакцинация алған.

Министрлік Санэпид қызметтерінің кенеге қарсы өңдеудің көктемгі турын өткізгенін хабарлады. Сонымен бірге, 279 қолайсыз эндемиялық елді мекендердің айналасында санитариялық қорғау аймақтары құрылған.

Кенеден қалай қорғану керек?

Министрлік кенеден сақтану үшін табиғи ортада болу кезінде, әсіресе, кене энцефалитінің эндемиялық аумағына жатқызылған жерлерде тауға немесе орманға барғанда сақ болуға шақырады.

Тау немесе орманға барғанда мынадай ұсынымдарды орындаған абзал:

  • дененің және киімнің ашық жерлерін өңдеу үшін репелленттерді қолдану керек;
  • жабық киім кию – ұзын жеңді жейде, киіп, шалбарды шұлыққа салған абзал; басқа орамал тағып, немесе капюшон киген жөн;
  • киім мен денені үнемі тексеріп отыру қажет;
  • денеден кене табылған жағдайда, дереу медициналық ұйымға хабарласу керек;
  • ал кенені өз бетіңізбен алатын болсаңыз, кенені бірден тартпаған дұрыс; егер тұмсығы қалған болса, пинсетпен алу ұсынылады; шаққан орынды йодпен өңдеп, қолды мұқият жуу қажет.
Сондай-ақ оқыңыз