Конституция жаңарған үш жылдан бері не өзгерді

Конституцияға өзгеріс енгізілгелі не өзгерді? Референдум бізге не берді? Бұл сұрақтарға өзінің телеграм арнасында Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жауап берген.
«Үш жыл бұрын жалпыхалықтық референдум өтіп, онда азаматтарымыздың көпшілігі жаңартылған Конституцияны қолдап, нәтижесінде оның үштен бір бөлігі іс жүзінде өзгертілді. Конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жан-жақты жаңғырту жөніндегі стратегиялық бағытын жүзеге асырудың берік институционалдық негізін қалады», – дейді Қарин.
Партия тіркеу тәртібі жеңілдеді
Қарин өзгеріс нәтижесінде Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі белгіленгенін, әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота белгілене бастағанын, ең бастысы партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілгенін атап өткен.
Ал президенттік мерзімінің бір реттік болып жеті жылға бекітілгені – өзгертілген Ата-заңның ең үлкен жаңалығы.
«Бірыңғай жеті жылдық президенттік мерзімнің енгізілуі елеулі жаңалық болды. Конституциялық сот құрылып, адам құқықтарын қорғау күшейтілді. Жер мен оның қойнауы халық меншігі деген норма енгізілді. Бұл ереженің іс жүзіндегі іске асуы «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы болды, оның аясында Ұлттық қордың кірісінен түскен қаражат барлық қазақстандық балалардың шотына аударылады», – делінген жазбада.
Жаңа саяси шындық
Сонымен бірге Мемлекеттік кеңесші 2022 жылдан бастап саяси ахуалдың айтырлықтай өзгеріп, саяси жүйе жетілдіріле түскенін мәлімдеді.
«2022 жылғы конституциялық реформа Қазақстанда мүлде жаңа саяси шындықты қалыптастырып қана қоймай, бүкіл өңірімізде жаңа үрдісті белгіледі. Саяси жүйемізді жетілдіру үдерісі бүгінде жалғасуда», – дейді Қарин.
Елдегі саяси үрдістің өзгергенін қарапайым ауыл тұрғындары да сезе түсті. Ауылдар мен аудандар әкімінің сайлауы өткізіле бастағаны соның бір дәлелі.
«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілгеннен бері олардың корпусы толығымен жаңарды. Биылдан бастап аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауын өткізіп жатырмыз. Жалпы, жыл сайын республика бойынша қоғамдық-саяси өмірдің күнделікті элементіне айналған жүздеген сайлау науқаны өткізіледі. Ең бастысы, реформалар нәтижесінде жаңа саяси мәдениет қалыптасып, азаматтарымыздың құндылықтар жүйесі жаңартылуда. Осылайша, жаңартылған Конституция ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруға негіз болған түбегейлі өзгерістерге бастау берді», – дейді мемлекеттік кеңесші.