Күйеуінің әке-шешесі мен әпкесін улап өлтірген әйел сотта өтірік айтқанын мойындады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Күйеуінің туыстарын улап өлтірген әйел сотта кінәсін мойындамады / фото: msn.com
Күйеуінің туыстарын улап өлтірген әйел сотта кінәсін мойындамады / фото: msn.com

Күйеуінің әке-шешесі мен әпкелерін улап өлтірген аустралиялық әйел сотта полицияға өтірік ақпарат бергенін мойындады.

Le Figaro ақпаратына қарағанда, Эрин Паттинсон 2023 жылы бұрынғы күйеуінің ата-анасы мен әпкесін улап өлтірген деп айыпталып отыр. Сонымен қатар үйіне қонақ болып келген төртінші адамды да өлтіруге оқталыпты.

«Өтірік айттым, бірақ кінәсізбін»

Күдікті үйіне келген күйеуінің жақындарын дастарқан басына отырғызып, алдына улы саңырауқұлақ қосылған ас қойған.

Қатігез әйел 5 маусым күні сот отырысында полицияға кейбір мәселелер бойынша өтірік айтқанын мойындады. Бірақ өзін кінәсізбін деп ақталып отыр. Бірақ айғақтар оның әдейі улап өлтіргенін көрсетеді.

2023 жылы ол марқұмдарға «Биф Веллингтон» деп аталатын сиыр етінен және қатпарлы қамырдан жасалған тағам дайындап берген. Олардың құрамында улы саңырауқұлақ болғаны анықталды. Эрин Паттинсон күйеуінің ағасын да улаған. Бірақ ол ауруханада ұзақ емделіп, ақыры аман қалды.

Улы саңырауқұлақты өзі жинап кептірген

Тергеу барысында Эрин Паттерсонның улы саңырауқұлақтарды өзі жинағаны, кептіргіш құралда сақтағаны белгілі болды. Полиция оны тергегенде, күдікті әйел үйінде кептіргіш құрылғы жоқ деп өтірік айтқан.

Күдікті әйел күйеуінің туыстарын улап өлтірген соң, кептіргіш құралды қоқыс төгетін жерге апарып тастапты. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Құрылғы ішінен улы саңырауқұлақтың іздері табылды.

«Әдейі қоспадым»

«Мен әдейі тағамға улы саңырауқұлақ қосқан жоқпын», – деп ақталып жатыр күдікті.

Прокурорлардың пікірінше, Эрин Паттерсон қонақтарын әдейі улап өлтірген. Өйткені тағамды өзі де, балалары да жемеген. Күдіктінің адвокаттары болса, әйелдің де сол тамақты жегенін, бірақ өзгелер секілді ауыр уланбағанын айтып ақтауға тырысқан.

Мұның алдында Екібастұзда мейрамханада тамақтанған азаматтар жаппай уланып ауруханаға түскен еді. Бір жылдан соң бұл іске қатысты сот шешімі шықты. 

Сондай-ақ оқыңыз