Бал өндіретін қазақстандық кәсіпорын Еуроодаққа тауар экспорттайды

Шығыс Қазақстан облысындағы «SUN-BEE ALTAI» ЖШС еліміздегі алғашқы ара шаруашылығы өнімі мен бал өндіруші кәсіпорын ретінде Еуропалық Одақтың ресми тізіліміне енгізілді. Бұл дегеніміз қазақстандық компания Еуропа елдеріне бал экспорттай алады деп хабарлайды ауыл шаруашылық министрлігінен.
«Бұл жетістік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және кәсіпорынның өзі тарапынан өндірістік үдерістерді Еуропалық Одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптары мен стандарттарына толық сәйкестендіру бойынша көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесінде мүмкін болды», – деп хабарлайды министрліктен.
«SUN-BEE ALTAI» енді Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Австрия, Испания, Эстония, Венгрия, Финляндия, Швеция, Дания, Португалия және Грекия тәрізді Еуропа мемлекеттеріне бал өнімдерін экспорттай алады.
2025 жылдың бірінші тоқсанындағы есеп бойынша Қазақстан экспортының 52%-ы Еуропа елдеріне тиесілі. Негізінен ол елдерге мұнай және металл өнімдерін тасымалдаймыз.