Солтүстік Қазақстан облысында құны 9 млрд теңге болатын сүт кешені салынады

Солтүстік Қазақстан облысында 8000 бас ірі қара малға арналған сүт кешені салынады. Бұл инвестициялық жобаны «Зенченко и К» серіктестігі 2024 жылдан бастап іске асырып жатыр. Инвестиция құны 9 млрд теңге деп хабарлайды ауыл шаруашылық министрлігінен.
Бұл сүт кешені Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ең ірі кешен болмақ. Толық қуатында ол жыл сайын шамамен 26 000 тонна сүт өндіреді деп деген жоспар бар.
«Кешеннің жобалық құрылымына 7 ғимарат кіреді, олардың ішінде әрқайсысы 1280 басқа арналған 3 сиыр қорасы бар. Ерекшелігі – бір уақытта 90 бас ірі қараны сауатын жоғары технологиялы «карусель» типті сауу қондырғысының болуы. Бұл сағат сайын 700 басқа дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, өндіріс үдерісінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Биыл бұл өңірде 17 млрд теңге сомасына 22 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарланған. Олардың ішінде жалпы саны 7 000 басқа арналған 11 сүт-тауар фермасы бар.