
Көшедегі валюта бағамдары көрсетілген таблоларды алып тастау «менталдық дедолларизация» стратегиясының бір бөлігі. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов түсіндірді.
Оның түсіндіруінше, бастаманың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың санасын доллар бағамына деген артық тәуелділіктен арылу.
«Біз доллар бағамын әр бұрыштан бақылап отыруды міндет деп санаған кезеңнен өттік. Қазір бұл қажет емес. Сондықтан осындай қаулы қабылдадық», – деді Сүлейменов.
Тимур Сүлейменовтың сөзінше, доллар бағамы жазылған таблоларды осы жылы күзде немесе жаздың соңына қарай алып тастай бастауы мүмкін.
Айта кетейік, биыл Ұлттық банк айырбастау пункт иелеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салған заң жобасын әзірледі. Сәуірде өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы курс жазылған тақталар – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм және оларды алып тастау керек деген еді. Бірақ айырбастау пункт иелері бұл өзгеріске қарсы шығып отыр.