Жаңалықтар

Министрлік Ұлысмедиа иесі Самал Ибраеваға жасалған шабуылға пікір білдірді

Самал Ибраева
Ulysmedia сайтының иесі Самал Ибраеваға кибершабуыл жасалды / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәдениет және ақпарат министрлігі Ulysmedia.kz сайтының иесі Самал Ибраеваға жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді. Ведомство оған «арандатушылық және киберқылмыс» деген баға берді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі ULYS MEDIA порталының бас редакторы Самал Ибраеваға қатысты жасалған арандатушылықты қатаң айыптайды және бұл әрекетті жол беруге болмайтын өрескел киберқылмыс деп санайды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Министрлік өз құзыреті шеңберінде барлық қажетті шараларды қабылдауға уәде берді.

«Цифрлық қылмыс жасалды»

Бүгін Ulysmedia сайтының иесі Самал Ибраева өзіне қатысты кибершабуыл жасалғанын жазды. Оның сөзінше, белгісіз біреулер оның аты-жөнін, суретін, телефон нөмірін порнографиялық сипаттағы Kyzdar.net сайтына жариялап жіберген.

«Бірнеше күннен бері телефоныма анайы ұсыныстар толассыз келіп жатыр, таныстар да хабарласып, сайт оқырмандары түрлі сұрақтар қойып әлек. Олардың бәріне не болғанын түсіндіруге мәжбүрмін. Бұл қылмыстың тапсырыс берушісі, сірә, қолын ысқылап отырған болар – цифрлық шабуыл сәтті шықты. Ulysmedia.kz сайтының жұмысына кедергі келтіру үшін кім, қанша ақша төледі екен?», – деп жазды ол парақшасына.

Самал болған жайды тәуелсіз журналистика саласындағы кәсіби қызметімен байланыстырады. Сөзінше, «бұған дейін сайттағы суретті ауыстырмасаң, материалды өшірмесең, саған көрсетеміз» деген ескертулер болған.

«Kyzdar.net сайтында жарияланған анкета (айтпақшы, бұл сайттың қызметі де заңсыз) – арандатушылық, жала жабу және ар-намысқа нұқсан келтіру сипатында. Ол менің ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік бедел құқығымды өрескел бұзады… Бұл цифрлық зорлық, жеке адамға қарсы жасалған қылмыс», – дейді журналист.

Бұған дейін Орда.кз басылымының әлеуметтік желідегі парақшасына кибершабуыл жасалғанын жазған едік. Редакцияның Инстаграмдағы парақшасы белгісіз себеппен бұғатталып қалған.