Quiet design: минимализм миға қалай әсер етеді?

Жарияланды 5 Маусым 2025 08:35

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Quiet design: минимализм миға қалай әсер етеді? / Фото: Shuttertsock
Quiet design: минимализм миға қалай әсер етеді? / Фото: Shuttertsock

Байқасаңыз, қазір айналада визуал шум көп. Қайда қарасаңыз да жарқыл-жұрқыл сурет, баннер, интерфейс, киім, ойыншыққа көз түседі. Бәрі құдды «мені байқадың ба?» деп менмұндалап тұрғандай әсер қалдырады. Осыған қарама-қайшы quiet design һәм тыныш дизайн деген бар екенін білесіз бе? Минимализм когнитив функцияларымызға қалай әсер етеді? Стресті азайтып, жұмысты өнімді істеуге қалай көмектеседі?

«Тыныш дизайн» деген не?

Тыныш дизайн немесе quiet design деп дизайнның қарапайым, эмоциялық нейтралдық сақтала отырып жасалатын бағытын айтамыз. Жұрт назарын еріксіз аудару деген ой болмайды. Қайта керісінше кедергі болмайтындай етіп жасалады. Осы стильдегі заттар кеңістікпен біте қайнасып кетеді. Яғни түстері нейтрал, барынша деталі аз, текстурасы жұмыр, тегіс болады. Мысалы Notion, Apple Notes интерфейстерін қараңызшы. Басы артық ештеңе жоқ. Болмаса, скандинавиялық стильмен салынған үйлердің интерьерін шолып шығыңыз. COS, Uniqloбрендтерінің киімдерін көрдіңіз бе? Логотип, жарқылдаған түс деген атауымен жоқ — минимализм. 

Ми минимализмді қалай қабылдайды?

  1. Миға түсетін когнитив салмақ азаяды. University of CaliforniaIrvine (2016) жүргізген зерттеуге сүйенсек, адам бір уақытта бірнеше жұмысты қатар алып, айналасында визуал шум көп болса, стресс гормоны — кортизол көп бөлінеді. Ал енді минимализм жайлаған жерде стимул азайып, ми тынығып, жақсырақ ден қоя алады. Зерттеу нәтижесінде, шулы кеңседе жұмыс істейтіндер әр 11 минут сайын назарын еріксіз басқа нәрсеге аудара беретіні белгілі болған. Ал ой бір бөлінсе, қайтадан алдыңғы күйге оралуына 23 минут уақыт керек дейді.  
  2. Жаныңыз жайланады. Психолог Энни Бриннің Journal of Environmental Psychology журналында жарияланған жұмысында шашылып жатқан жерде мазасыздық көбейеді деп айтылған. Ал минимализмнің арқасында адам ағзасы тынығып, терең тыныс алғандай әсер алады екен. Яғни визуал жинақы жерде мидың симпатикалық белсенділігі төмендеп, парасиматикалық яғни демалысқа жауапты жүйесі іске қосылады. 
  3. Ұйқыңыз жақсарады. Харвард медицина мектебі жасаған зерттеу нәтижесінде (2020) таза әрі заты аз жерде жататындар тез ұйықтап кететіні белгілі болған. Оған қоса шашылып жатқан жерде жататындарға қарағанда олардың ұйқысы қалың болады екен.
  4. Жұмыс жақсы жүреді. Креатив көбейеді. Microsoft компаниясының 2022 жылы жасаған есебінде визуал ауыр интерфейстің кесірінен адамдардың өнімділігі 14-18 пайызға түсіп кетеді дейді. Ал The Journal ofConsumer Research зерттеуінің қорытындысына қарасақ, минимал кеңістікте адам креатив ойлай бастайды. Назарын аударатын басқа нәрселер жоқ болса, ми сол жерден мән мен ассоциация іздеп кетеді екен.    

Тыныш дизайнды қалай қолдануға болады?

Адамның миы бәрін болжап тұруға тырысатын машина іспеттес. Егер айналада түс, элемент дегендер шектен тыс көп болса, назарды соларға аударып, өңдеуге күш жұмсайды. Демек оған ресурс кетеді. Ал енді қарапайым, палитрасы нейтрал объектіге қарағанда ондай көп энергия кетпейді, интерпретация жасау оңай болады. Соның арқасында кортизол деңгейі азайып, мидың жоспарлайтын және саналы шешім шығаруға жауапты бөлігі белсене іске кіріседі. Ендеше, күнделікті өмірімізге тыныш дизайнды былай енгізсек болады: 

  • Үйде: Ұсақ-ұсақ декорларды алып тастаңыз. Бөлмеде 1-2 түс қана болғаны жақсы. Заттарыңызды беті жабылатын жәшіктерге салып қойсаңыз болады. 
  • Киім-кешек: Нейтрал базаға, принттері мейлінше аз киімдерге көшіңіз. 
  • Жұмыста: Компьютеріңіздегі жұмыс үстелін «жинап» қойыңыз. Белгішелер көп болмағаны дұрыс. 
  • Дижитал гигиена: Керек емес қолданбаларды өшіріп тастаңыз. «Мазаламау керек» деген фокусты қолданып үйреніңіз. 

Тыныш дизайн балалардың дамуына қалай әсер етеді?

Қазір не көп — ойыншықтың түрі көп. Түстері әр алуан, элементі көп, неше түрлі дыбыс шығарады. Көздің жауын алып, қызықтырады десек те, мұның бәрі баланың жүйке жүйесіне салмақ салады. Енді осы бағытта жасалған зерттеулерді шолып шығайық:  

  • University of Virginia (2014) зерттеуінің қорытындысы мынадай болған: 20 ойыншыққа қарағанда дамуға керек деген 4-5 ойыншықпен ғана ойнаған бала сюжет ойындарын терең түсініп, креатив ойлай алатын болады екен. Назар салып, ден қоятын қабілеті дамиды.
  • Simplicity Parenting кітабының авторы Доктор Ким Джон Пейн шектен тыс стимуляцияның кесірінен гипербелсенділік күшейеді дейді. Әрі эмоциялық тұрақсыздықтың да себебі осында деген пікірді ұстанады. Егер визуал және аудиал шум азайса, баланың миы дұрыс жетіле бастайды. 

Тыныш UX тренді 

Алпауыт технологиялық компаниялар тыныш дизайнды эстетика үшін емес, қолданушы тәжірибесін оңтайландыру үшін пайдаланады. Ол қалай?

  1. Apple: интерфейсі ұстамды, түстері минимум. 
  2. Notionфоны ақ, батырмасы көп емес. 
  3. Tesla: автокөліктің интерфейсі ақ параққа ұқсайды. Бәрі түсінікті, визуал шум аз. 

Google жасаған зерттеу нәтижесінде юзерлерге визуал таза әрі түсінікті интерфейс ұнайтыны белгілі болған.

Экофилософия және тыныш дизайн

Quiet design экофилософияның бір бөлігіне айналып үлгерген. Ойды бөлетін стимул неғұрлым аз болған сайын, жаңа нәрсе алуға, заттарды қолдануға деген қажет азаяды. Содан адам бойында тыныштық орнайды. Мұның психологиялық әсеріне де тоқтала кетейік:

  • Минимализм жайлаған жерде сіз бәрін бақылауда ұстай аласыз. 
  • «Визуал аштық» азаяды. Импульспен зат алғыңыз келетін сезім болмайды. 
  • Саналы ойлана бастайсыз. Назарды тәніңіз бен сезімдеріңізге аудара бастайсыз. 

Тыныш дизайн деп аппақ қабырға мен сәнді stories-ті ғана айтпайды. Мұнда адам ментал күйіне, саулығына мән береді. Мазасыздықты азайтып, концентрацияны күшейтеді. Жақсырақ ұйықтап, дұрыс шешім қабылдай бастайды. Нейропсихология, педагогика, мінез-құлық экономикасындағы деректерге қарасақ, бұл эффект расымен жұмыс істейді.

UX-зерттеулер қалай және не үшін жасалатыны туралы сілтемеден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз