Боранбаевқа тиесілі болған «Алмалы» сауда үйі 2026 жылы балалар музейіне айналады

Алматының Республика алаңындағы «Алмалы» жерасты сауда орталығының базасында балаларға арналған Ғылым мұражайы 2026 жылдың II тоқсанында ашылады деп жоспарлануда. Аталған нысан 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен болатын. 2023 жылы кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың үстінен ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі деп танылғаннан кейін, ол бұл нысанды мемлекет меншігіне өткізді.
2024 жылдың желтоқсанында Алматының сол кездегі әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдан бастап «Алмалы» сауда орталығының базасында Балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы ғылым музейі құрылатынын мәлімдеген. Жоба Сингапурдың Science Museum ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазіргі уақытта «Алмалы» сауда орталығы Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының балансында тұр.
«Курсив» басылымы басқармаға ресми сұрау жіберіп, балаларға арналған музейдің қашан ашылатынын сұрады.
Басқарманың жауабына сәйкес, 12 мамырдан бастап бұрынғы «Алмалы» сауда орталығында бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары басталған. 15 мамырда нысанның сейсмотұрақтылық қорытындысы алынған. Сонымен қатар, болашақ музей жобасының архитектуралық шешімдері де мақұлданды.
«Нысанның жағдайына келсек: ішкі жалға берілген алаңдар босатылып, бөлшектеліп жатыр. Сонымен қатар жер асты автотұрағына қосымша сейсмикалық сараптама жүргізілуде, оның нәтижесі келешектегі құрылыс шешімдерін қабылдауға негіз болады», – деп жазылған ресми жауапта.
Құрылысқа халықаралық жобалық оператор тартылған — бұл Сингапурлық Kingsmen компаниясы. Оның мамандары қазірдің өзінде бастапқы жобалау алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Kingsmen компаниясы Алматы әкімдігіне ғылым музейін құру мен дамытуға қажетті ноу-хау мен зияткерлік меншік лицензияларын берді. Сингапур тарапы экспозициялар тұжырымдамасы, білім беру және интерактивті бағдарламалар, сәулет және басқару үлгісі бойынша кеңес беріп отыр», – деп жауап берді басқарма Science Museum Singapore-дің жобадағы рөліне қатысты сұраққа.
Басқарма өкілдері музейде ғылым, білім беру және музей ісі салаларындағы ең үздік халықаралық тәжірибелер қолданылады деп сендіріп отыр. Алайда Science Museum Singapore қызметтерінің нақты құны қанша болатыны туралы ақпарат берген жоқ.
Музейдің құрылысын аяқтап, ресми ашылуын 2026 жылдың II тоқсанына жоспарлап отыр.
Бұған дейін «Курсив» басылымы Республика алаңындағы «Алмалы» сауда орталығы 2012 жылғы сәуірде ашылып, бес жылдан кейін қайта жаңарту үшін жабылғанын, алайда содан бері қайта ашылмағанын жазған. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде елеулі зиян шеккен. 2023 жылдың күзіне қарай Қайрат Боранбаевтың тергеумен келісім аясында нысанды Алматы әкімдігіне өткізгені белгілі болды.