Қазақстанда толыққанды аумақтық қорғаныс жүйесі құрылады

Қазақстанда толыққанды аумақтық қорғаныс жүйесі құрылады. Сенат «ҚР аумақтық қорғанысы туралы» заңды мақұлдады. Бұл заң мобилизация кезеңінде елді қорғауға бағытталған басқарудың нақты тік құрылымын және қосымша құқықтық негізді қалыптастырады.
«Заң аумақтық қорғаныстың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жұмылдыру дайындығын арттыруға және төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі заң аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттерін, принциптері мен іс-шараларын айқындай отырып, мемлекеттің қорғаныс жүйесінде бөлек сала ретінде қарастырады. Заң жұмылдыру және әскери жағдай кезеңінде халықты және объектілерді қорғауға, аумақтық қорғаныс күштерін құруға, жұмыс тәртібін қамтамасыз етуге, жергілікті тұрғындарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларына тартуға бағытталған», – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Заң келесі жаңашылдықтарды қамтиды:
- Алғаш рет азаматтар арасынан құрылған ерікті өзін-өзі қорғау құрылымдарын құру мүмкіндігі заңмен бекітіледі;
- Аумақтық қорғаныс құрамына аумақтық әскерлер, құқық қорғау органдарының күштері, арнайы құрылымдар мен еріктілер кіреді;
- Мемлекет қауіп төнген жағдайда азаматтар мен ұйымдардың ғимараттарын, техникасын және өзге де мүлкін нарықтық құны бойынша өтемақы төлей отырып тарта алады;
- Лауазымды тұлғалардың өкілеттіктері нақты белгіленген: Жинақтар туралы шешімді Президент қабылдайды, Үкімет пен Бас штаб үйлестіреді, ал әкімдер жергілікті жерде қорғанысты ұйымдастырады;
- Заң сондай-ақ ірі кәсіпорындарға төтенше жағдайларға дайындық мақсатында инфрақұрылымды нығайту мен нысандарды қорғауды қамтамасыз етуді міндеттейді.
Мақұлданған нормалар қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге, жергілікті тұрғындарды аумақты қорғауға тартуға және өңірлердің әлеуетті қауіптерге төтеп беру қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ осы заң аясында Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізілетіні жайлы хабарлаған едік. Нақтырақ айтқанда, өзін-өзі қорғау құралымдары соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдарын құрады. Еріктілер жауынгерлік, қорғаныс және қосалқы тапсырмаларды орындайды.Заң жобасының мақсаты – соғыс жағдайы мен соғыс уақытында елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.