100 шақырымға – 2 л бензин: Geely гибридті седанын таныстырды

Жарияланды 5 Маусым 2025 10:42

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Geely Galaxy A7 EM-i моделінің жанармай шығыны 100 шақырымға небәрі 2 литрден аспайды / Фото: carnewschina.com

Geely концерні Galaxy отбасының жаңа седанын — A7 EM-i гибридін ресми түрде таныстыруға дайындалып жатыр. Алғашқы фотосуреттер жарияланды. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл төрт есікті көліктің жалпы жүріс қоры 2100 км-ге дейін жетеді, ал батарея толық қуатталған кезде жанармай шығыны 100 шақырымға небәрі 2 литрден аспайды. Гибридтің премьерасы жақын арада өтеді.

Фото: carnewschina.com

Geely Galaxy A7 EM-i сыртқы келбеті осы модельдік қатарға тән стильде орындалған: седан классикалық силуэтке, дәстүрлі есік тұтқаларына және танымал жарық элементтеріне ие. Сонымен қатар, A7 үлгісі үлкен ауа қабылдағыштары және күміс түсті сәндік элементтері бар ерекше алдыңғы бампермен жабдықталған, ал артқы бамперде хромдалған тағы бір сәндік жапсырма пайда болған.

Салонының фотосы да жарияланды: интерьерде үлкен орталық экран мен бір ғана жуан көлденең сірнекпен жабдықталған бұрышты рөл көзге түседі. Кең орталық тоннельде физикалық батырмалар мен медиа жүйені басқаруға арналған дөңгелек реттегіш орналасқан, сондай-ақ екі сымсыз қуаттағыш бар.

Фото: carnewschina.com

Galaxy A7 EM-i ресми сипаттамалары әлі жарияланған жоқ, бірақ Қытайдың өнеркәсіп министрлігіне сертификаттау процесінде кейбір деректер белгілі болды. Седан өлшемдері: 4918×1905×1495 мм, ал дөңгелек базасы — 2845 мм, салмағы — 1735 кг-ға дейін. Көлік 112 ат күшін беретін 1.5 литрлік атмосфералық қозғалтқыш негізінде жасалған гибридті жүйемен жабдықталған, ал оның жиынтық қуаты 350 ат күшіне дейін жетуі мүмкін. Алдын ала деректер бойынша, Galaxy A7 EM-i бірнеше түрлі батарея нұсқаларымен ұсынылады, электр қуатымен жүретін ең аз қашықтық — 60 км, ал жалпы жүріс қоры — 1500 км.

Қытайлық БАҚ бұл жаңа үлгінің бағасы шамамен 100 мың юаньнан (шамамен 7 миллион теңге) басталады деп болжауда.

Жуырда Geely компаниясы 2025 жылғы Galaxy M9 кроссоверінің ресми фотосуреттерін жариялаған болатын. Жаңа модель алты орынды салонымен, Qianli Haohan деп аталатын жүргізушіге көмек беру жүйесімен жабдықталып, Geely Galaxy брендінің флагмандық үлгісіне айналмақ. Кроссовер 2025 жылдың соңына дейін сатылымға шығарылады деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз