TÜV 2025 рейтингі: Германиядағы ең сенімсіз көліктер – Duster мен Logan танылды

Шығыс Еуропада қарапайымдылығы және қолжетімділігімен танымал Dacia Duster мен Dacia Logan модельдері Германияның сенімді автокөліктер рейтингінде соңғы орындарға тұрақтады. TÜV Report 2025 есебінің деректеріне сүйенсек, техникалық байқаудан өткен 10,2 млн-нан астам көліктің ішінде дәл осы екі модель ең көп ақау табылған көліктер қатарына енген.
TÜV туралы
Бұл Германияның Technischer Überwachungsverein, яғни Техникалық бақылау одағының қысқартылған атауы. Германияда бұл ұйым жыл сайын көліктердің техникалық жағдайы бойынша ең беделді рейтингтердің бірін жариялайды. Есептің негізі – барлық автокөлікке екі жыл сайын міндетті түрде жүргізілетін техникалық тексеру (Hauptuntersuchung) мәліметтері.
Бұл есеп көлік иелері мен қайталама нарықтағы сатып алушылар үшін нақты әрі сенімді бағдар болып саналады. Себебі қандай модельде техникалық ақаулар жиі анықталатынын анық көрсетеді.
Duster иелеріне жағымсыз жаңалық
Dacia Duster Германияда қолжетімді кроссовер ретінде ұсынылғанымен, техникалық сенімділік тұрғысынан нашар нәтиже көрсетті:
- 6–7 жыл тізгінделген көліктердің 24,3%-ы алғашқы техбайқаудан өте алмады.
- 8–9 жыл ішінде бұл көрсеткіш 29,7%-ға жетті.
- 10–11 жыл тізгінделген Duster-дің 34,1%-ында күрделі техникалық ақаулар анықталған.
Мұндай нәтижелердің себептері – аспалы бөліктің тез тозуы, басқару жүйесіндегі ақаулар, тот басу және май ағып кету жағдайлары. Неміс мамандары Duster-дің антикоррозиялық қорғанысының әлсіздігін және бөлшектердің арзандығын ерекше атап өтті.
Logan да ең нашар нәтиже көрсеткен модель
Ал Dacia Logan седаны рейтингтің аутсайдеріне айналды:
- 10–11 жыл тізгінделген көліктердің 39,6%-ы техбайқаудан өтпеген.
- 12–13 жыл ішінде бұл көрсеткіш 41%-дан асқан – бұл барлық көліктер арасындағы ең нашар көрсеткіш.
Logan-ның жиі кездесетін ақаулары: көліктің астыңғы бөлігінің тот басуы, тежегіш құбырларының әлсіздігі, жарық жүйесіндегі істен шығулар және қозғалтқыштың тұрақсыз жұмысы. TÜV бұл модель бойынша «қауіпсіздікке қатер төндіретін ақаулары көп көлік» деп мәлімдеді.
Шығыс Еуропа мен Германия арасындағы айырмашылық
Айта кетерлігі, Қазақстан, Румыния, Ресей мен Украина сияқты Шығыс Еуропа елдерінде Duster мен Logan үлкен сұранысқа ие. Бұл көліктерді халық «қарапайым, сенімді жұмыс күші» ретінде қабылдайды: арзан, оңай жөнделеді және үнемді.
Германияда бұл көліктер неліктен арзан?
- Жинақ түрлері мен пайдалану жағдайлары: Германияда көбіне турбоқондырғылы дизельдік нұсқалар қолданылады, олар тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуді талап етеді.
- TÜV стандарттары ТМД елдеріндегі техникалық регламенттерден әлдеқайда қатаң.
- Жол сапасы мен диагностика инфрақұрылымы: Германия жолдарындағы кішігірім ақаудың өзі бірден байқалады, ал ТМД елдерінде техникалық қызмет көрсету деңгейі әртүрлі.
Өндіруші не дейді?
Мақала жарияланған сәтке дейін Dacia компаниясы (Renault Group құрамында) TÜV есебіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін компания өз стратегиясының негізі – «баға мен функционалдылық арасындағы оңтайлы тепе-теңдік» екенін атап өткен болатын. Яғни, Dacia ешқашан премиум сапаға үміткер болмаған.
Бірқатар тәуелсіз автожурналистердің пікірінше, бұл рейтингтерге қарамастан, Duster мен Logan Еуропадағы сұранысын жоғалтқан жоқ. Әсіресе, жаңа көліктердің қымбаттауы және үнемдеуге ұмтылыс жағдайында бұл модельдер өзекті болып қала береді.
TÜV есебі Германиядағы автокөлік иелері үшін тосын жаңалық болды. Қолжетімді әрі сенімді деп есептелген модельдер рейтингтің соңына түсті. Алайда өзге елдерде бұл нәтижелер модельдерден бас тартуға себеп бола қоймауы мүмкін.
Бұған дейін Қытай автокөлік өндірушілерінің жаңа «айласы» туралы жазған едік. Олар темір тұлпар бағасын төмендету үшін жаңа автоны, ескі деп сатуда. Бұған аталған ел нарығындағы қатаң бәсеке себеп.