
Бүгін Оңтүстік Кореялық Eastar Jet лоукостері Алматыдан Сеулге тікелей рейстерді іске қосты. Алғашқы ұшақ 23:45-те ұшады.
Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды. Сеулге дейінгі жол ұзақтығы – 6 сағат 5 минут, ал кері бағыттағы рейс 7 сағат 15 минутқа созылады.
Билеттердің бағасы бір жаққа – 248,1 доллар (126,9 мың теңге) мөлшерінен басталады. Бұл баға тек тіркелген пайдаланушылар үшін қолжетімді. Қалған жолаушылар үшін билет бағасы 328,1 доллар (167,8 мың теңге) және одан жоғары болады.
Айта кетейік, Алматыдан Сеулге Air Astana компаниясы да күн сайын рейстер орындайды. Олардың билеттері 122,2 мың теңгеден басталады.
Мамыр айының соңынан бастап Оңтүстік Кореяға жаңа бағыт ашылды – Scat әуе компаниясы Шымкенттен Сеулге тікелей рейстерді бастады. Билеттер 110,8 мың теңгеден басталады.
Сонымен қатар, 15 шілдеден бастап Eastar Jet Алматыдан Пусан қаласына тікелей рейстерді орындайды. Ұшақтар апта сайын сейсенбі күндері ұшады. Билет бағасы – 103,5 мың теңгеден басталады.