Шерзат ісі бойынша прокурор Дана Сарсенбай қазақстандықтарға үндеу жасады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Дана Сарсенбайдың атынан әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар пайда болды / Фото: видеодан скриншот

Шерзат Болатты (Полатты) өлтіру ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбайдың атынан әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар пайда болды. Ол бұл туралы өзінің Instagram-парақшасында видеоүндеу арқылы хабарлады.

Прокурордың айтуынша, әлеуметтік желілерде өзінің атын, қызметін және фотосуреттерін заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылып жатқан көрінеді. 

«Осыған байланысты бейнеүндеу жасауды қажет деп санаймын. Менің Instagram әлеуметтік желідегі жалғыз аккаунтым – @s.d.n__. Парақша тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін ғана құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жарияланым, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақшалар – жалған»,  – дейді прокурор. 

Дана Сарсенбай өзінің аты-жөні, қызметі мен бейнесін оның келісімінсіз пайдалану, әсіресе қылмыстық іс контекстінде, – заңға қайшы әрекет екенін және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Оның айтуынша, мұндай фейк парақшаларда жекелеген блогерлер мен парақшаларға жазылуға шақырулар жасалып, сауалнамаларға қатысуға арналған сілтемелер таратылады, сыйлықтар уәде етілген ұтыс ойындары ұйымдастырылады, арандатушылық сипаттағы пікірлер мен жалған дәйексөздер жарияланып, қылмыстық іске қатысы бардай көрінетін күмәнді сауалнамалар мен дауыс берулер ұсынылады.

Еске салайық, 5 маусымда Талдықорған сотында Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі шықты. Сотталғандар Шерзаттың отбасына 120 млн теңге моральдық шығын төлейтін болды.

Сондай-ақ оқыңыз