АҚШ соты Трамптың Гарвардқа шетелдік студенттерді қабылдау туралы шешімін тоқтатты

АҚШ-тағы сот Гарвард университетінің тарапын қолдап, Дональд Трамптың шетелдік студенттер мен зерттеушілерге елге кіруге тыйым салатын жарлығының күшін уақытша тоқтатты.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Гарвард университетінің сотқа берген шағымына жауап ретінде қабылданды. Университет АҚШ-тың көші-қон саясатының қатаңдауына қарамастан, шетелдік студенттерді қабылдау құқығын қорғауға тырысуда.
Бостондағы федералдық сот президент жарлығының орындалуы Гарвардқа «тікелей және орны толмас зиян» келтіруі мүмкін деп есептеді. Уақытша тыйым 3 маусымда күшіне енді, ал бұл іс бойынша негізгі сот тыңдауы 16 маусымға белгіленген.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі Гарвардты шетелдік студенттердің тарапынан болған-мыс заң бұзушылықтар туралы деректерді беруден бас тартты деп айыптаған. Олар бұл әрекетті ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп бағалаған. Сонымен қатар, университетті оқу визаларын рәсімдеу құқығынан айырған, бұл жаңа студенттердің келуіне қауіп төндірген.
Сот шешімінен кейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрінің көмекшісі Патрисия Маклафлин: «Шетелдіктерді оқыту – құқық емес, артықшылық», – деп мәлімдеп, аталған жарлықтың тоқтатылуына қарсы шағым түсірілетінін айтты. Оның айтуынша, Трамп әкімшілігі виза жүйесін реформалау жолындағы күресті жалғастыра береді.
Әлемдегі ең көне әрі беделді оқу орындарының бірі саналатын Гарвард университеті тағы да саяси пікірталастардың ортасында қалды. Университет дәстүрлі түрде әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді қабылдайды, сондықтан кіру ережелеріне қойылған кез келген шектеу оның халықаралық беделі мен академиялық қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін.
Қазір Гарвардқа деген қоғамдық назар қайта артты. Бұл сот ісі АҚШ-тың көші-қон саясатына ғана емес, білім алуға деген жаһандық құқыққа да әсер етуі мүмкін маңызды жағдайға айналды.
Бұған дейін «Курсив» басылымы Гарвардқа жуырда оқуға түскен қазақстандық студенттердің елдегі ең көне университет төңірегіндегі жағдайдың оң шешілуінен үміт үзбегені туралы жазған болатын.
Бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салған. Қазір университет пен президент әкімшіліг арасында сот жүріп жатыр. Гарвардқа түскен студенттар арасында қазақстандықтар да бар. Қазір олар сот шешімін күтіп жүр.
Сондай-ақ Трамп Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго, Экваторлық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды.