
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
«Ардақты ағайын! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы.Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр»,– деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндеп, бауырластық пен сыйластықты дәріптейтінін атап өтті.
«Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі. Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын! Әр шаңыраққа құт-береке қонсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!«– деп түйіндеді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр.Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов ізгі тілектерін жолдаған.
Сондай-ақ , Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Иордания Королі II Абдалла, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум және тағы басқалар жолдады.
Еске салайық, Құрбан айт мейрамы биыл 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келеді.