Жаңа Toyota Celica: нарыққа қашан шығады?

Жарияланды 6 Маусым 2025 15:20

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Toyota-ның спорткар моделі 2027 жылы шығады деп жоспарлануда / Фото: auto.ru

Toyota жаңа Celica көлігінің қашан таныстырылатынын айтты. Компанияның мәліметінше, бұл модель нарыққа 2027 жылы шығарылады. Электрлендіру үрдістеріне қарамастан, Toyota бензинді қозғалтқышты сақтап қалуды жоспарлап отыр – бұл арқылы көліктің нағыз спорттық қуатты күшін жеткізгісі келеді.

Жаңа Toyota Celica жобасы негізгі дилерлердің пікірі ескеріле отырып әзірленуде. Оларға алғашқы эскиздер мен прототиптер көрсетілген. Қазіргі таңда платформа мен қозғалтқыш жүйесінің сынақтары басталып кеткен.

Toyota-ның Солтүстік Америкадағы кеңсесінің басшыларының бірі Купер Эриксен болашақ Celica-ның сыртқы келбеті әзірге құпия сақталатынын атап өтті. Дегенмен  жаңа өнімді жобалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

«Интернетте тараған суреттер шындыққа сәйкес келмейді», – деді ол.

2024 жылдың күзіне қарай компанияның Celica моделін қайта жандандыруға қатысты жоспары белгілі болды: компания бұл атауға деген тауарлық белгіні Жапония, Еуропалық одақ және АҚШ-та ұзартты, сондай-ақ Бразилияда GR Celica брендін тіркеді.

Жаңа Celica-дан бөлек, компания құпия түрде  бірнеше спорткар дайындап жатыр. Ортадан орнатылған қозғалтқышы бар MR2 купесі қайта шығуы мүмкін, сондай-ақ Supra моделінің жаңа буыны әзірленуде. Бұған қоса, FT-Se электр концептінің сериялық нұсқасы да болашақта шығарылуы ықтимал.

Сондай-ақ, Lexus брендіне тиесілі суперкар туралы да хабарланды. Бұл модель Toyota GR GT3 прототипінің негізінде жасалып, әрі жарыс жолдарына, әрі қарапайым жолдарға бейімделіп шығарылатын болады.

Осыған дейін жапондық компания Crown седанының 70 жылдық мерейтойына арналған арнайы нұсқасын ұсынған болатын. Crown 70th Anniversary Edition атауын алған бұл саны шектеулі үлгі Жапония нарығына ғана шығарылады. Оны тек тапсырыс беру арқылы сатып алуға болады. Автомобильдің басты ерекшелігі – сыртқы дизайны. Авто екі түс нұсқада ұсынылады. Ал сәндік элементтері Maybach үлгілеріне ұқсас жасалған.

Сондай-ақ оқыңыз