Сэр Дэвид Бекхэм: Ағылшын футболының аңызына рыцарь атағы беріледі

Жарияланды 7 Маусым 2025 11:40

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com

Британ футболының жарқын жұлдызы Дэвид Бекхэмге король III Карлдың туған күніне орай рыцарь атағы беріледі. Бұл жөнінде BBC хабарлады.

Бұрынғы Англия құрамасының капитанының есімі ресми марапат иегерлері тізіміне енгізілген. Рыцарь атағы берілген соң, енді ресми түрде «сэр Дэвид Бекхэм» деп аталатын болады. Ал жұбайы — атышулы Spice Girls тобының бұрынғы мүшесі Виктория Бекхэм — «леди Виктория» мәртебесіне ие болады.

2003 жылы Дэвид Бекхэм спорт саласындағы еңбегі үшін Британ империясы орденін алған. Ол кезде марапатты марқұм патшайым Елизавета II өзі табыстаған еді.

Қазіргі таңда 50 жастағы Бекхэм — Англия тарихындағы ең танымал әрі ең көп жетістікке жеткен футболшылардың бірі. 1996–2009 жылдар аралығында ұлттық құраманың намысын қорғап, 115 матчқа қатысып, 17 гол соқты. Бекхэм мансабында «Манчестер Юнайтед», «Престон Норт Энд», «Реал Мадрид», «Милан», «Лос-Анджелес Гэлакси» және «Пари Сен-Жермен» сынды әлемдік клубтарда ойнаған.

Бүгінде Дэвид Бекхэм — Англияның екінші лигасындағы Salford City клубының және АҚШ-тың Inter Miami клубының тең иесі.

Сондай-ақ оқыңыз