Қазақстан Қытайдан 6,5 млрд юаньға дейін инвестиция тартпақ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) басқарма төрағасы Лю Цзюньмен кездесті. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және ұзақмерзімді қаржыландыру тарту мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов Қытайдың Қазақстан үшін сауда-экономикалық және инвестициялық тұрғыдан басты әріптес екенін атап өтті. Оның сөзінше, президент еліміздің экономикасына инвестиция тарту жөнінде нақты тапсырма берген.
Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен әріптестік қатынастар екі ел көшбасшыларының өзара сенімді байланысына негізделген. Біз ICBC банкімен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Жаңа бірлескен бастамалар қаржы-экономикалық байланысты нығайтып, ортақ дамудың жаңа көкжиектерін ашады, – деді Премьер-министр.
2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 44 млрд долларға жетті. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш тағы 3,4%-ға артқан. Бүгінде Қытай – Қазақстан экономикасына 26 млрд доллар инвестиция салған негізгі бес инвестордың бірі.
ICBC Қазақстанда өзінің еншілес құрылымы – Алматы қаласындағы «Қытай өнеркәсіптік-сауда банкі» АҚ арқылы жұмыс істейді. Кездесуде банктің «Бәйтерек» холдингімен бірлескен жобалар арқылы ел экономикасының маңызды салаларын қолдауға атсалысып отырғаны атап өтілді.
2025 жылдың наурыз айында холдинг Аграрлық несие корпорациясын қаржыландыру үшін 430 млн юань тартқан болатын. Бұл қаражат агросекторды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Өнеркәсіпті дамыту қорына 1 млрд юань көлемінде жаңа қарыз тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, Қытай нарығында 5 млрд юаньға дейінгі облигациялар шығару мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазақстан Үкіметі «жасыл» қаржыландыру, өнеркәсіп, инфрақұрылым және экспорт салаларындағы бірлескен жобаларға ашық екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде ICBC төрағасы Лю Цзюнь банк тарапынан ынтымақтастықты кеңейту мен инновацияларды қолдау ниетін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері арасындағы тығыз байланыс екі елдің серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.