«Қазақстанның рөлін күшейте отырып, БҰҰ-ны жаңғырту қажет» – Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The Hill саяси басылымына арнаған мақаласында Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) жаңғырту туралы ұсыныс айтты.
Президенттің айтуынша, жаһандық ұйым дамушы және орта державалардың, соның ішінде Қазақстанның да рөлін күшейту арқылы тиімдірек бола алады.
БҰҰ – 80 жылдық тәжірибесі бар әмбебап алаң
2025 жылы 80 жылдығын атап өтетін БҰҰ – әлемдегі ең ықпалды көпжақты ұйым. 1945 жылдан бері ұйым 70-тен астам бітімгершілік миссияны жүзеге асырып, қақтығыстарды тұрақтандыруға, бейбіт тұрғындарды қорғауға және соғыс пен апаттардан зардап шеккен миллиондаған адамға көмек көрсетуге ықпал етті. Сонымен қатар, ол қоршаған ортаны қорғау, цифрландыру және адам құқықтары саласындағы бастамалардың басты қозғаушы күшіне айналды.
Алайда ұйым қазіргі таңда өткір сынға ұшырап отыр. Қауіпсіздік Кеңесінің шешім қабылдау қабілетін вето құқығы шектесе, дамушы елдердің жаһандық шешім қабылдаудағы өкілеттігі төмен күйінде қалып отыр. Бұл, әсіресе, Африка, Азия мен Латын Америкасы үшін өзекті мәселе.
Орталықтандырудан – өңірлік көшбасшылыққа
Президент Тоқаев БҰҰ-ның кемшіліктерін жою үшін ұйымды түбегейлі реформалауды ұсынады. Ол көпжақты ынтымақтастықты өңірлік басымдықтарға бағыттап, дамушы және орта державаларға өңірлік проблемаларды шешуде шешуші рөл беруді қолдайды. Оның айтуынша, өңірлік мәселелерді сол өңірдің халқы мен көшбасшылары жақсырақ түсінеді.
Осы тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығының ашылуы маңызды қадам ретінде атап өтілді. Бұл бастама 2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған арнайы қарардың нәтижесінде іске асты. Орталық климаттың өзгеруі, экономикалық интеграция және су қауіпсіздігі сынды ортақ мәселелер бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Қазақстан – жауапты және белсенді ойыншы
Президент мақалада Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі белсенділігін ерекше атап өтеді. Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, білім беру бағдарламаларын қолдау және елді өңірлік сауда мен энергетика жүйесіне тарту арқылы Қазақстан бейбіт дамуға үлес қосып келеді.
Сирия бойынша Астаналық бейбіт келіссөздер процесі, Армения мен Әзербайжан арасындағы диалогқа жәрдемдесу, Украинадағы соғысқа қатысты дипломатиялық шешімді қолдау – мұның бәрі Қазақстанның бейбітшілік жолындағы ұстанымын көрсетеді. Сонымен қатар, еліміздің бітімгершілік миссияларға қатысуы және 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді әріптес екенін дәлелдейді.
Ядролық қарусыздану – Қазақстанның басты бағыты
Мақалада Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөлі де кеңінен айтылды. 1991 жылы тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан өз еркімен әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартты және 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға атсалысты. 2018 жылы еліміз Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойып, бейбіт атом энергетикасын ілгерілетуге күш салып келеді.
Президент Тоқаев Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымын 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығына дейін сақтап, толық ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуді көздейтінін жеткізді.
«Халықаралық қауымдастық БҰҰ-дан бас тартпауы тиіс. Керісінше, оны реформалап, нығайту керек. Бұл әмбебап ұйым адамзат үшін аса қажет – оған балама жоқ», – деп түйіндеді Қазақстан президенті.