Демалыстан кейін демалыс керек: саяхатты марафонға айналдырмаудың жолдары

Еңбек демалысыңыз — 21 күн. Оның екі аптасында ауылға барасыз, қалған 7 күнінде шетелге шығам деп отырсыз. Сол бір жұмаға таудай жоспар құрып қойғансыз: 3 қалаға барасыз, 5 рет ұшаққа мінесіз, күніне 2 экскурсия жасайсыз. «Шетелге күнде шығып жатқан жоқпын» деп артынып-тартынғаныңызбен, үшінші күні ағзаңыз шаршап, «мына демалыстан кейін тағы демалыс керек болады» деп күңіренуіңіз мүмкін. Мұндай марафон-демалыс көпшілігіңізге таныс шығар? Құдды бізді біреу жарыстырып жатқандай неге сонша қапыламыз? Демалыстан шынында демалып келу үшін не істеу керек? Осы туралы айтайық.
1. Локациядан бұрын жай-күйіңізді ойлаңыз
«Қайда барсам екен?» деп емес, «Өзімді қалай сезінгім келеді?» деген сұраққа жауап алудан бастаңыз. Мәселен:
- Жаныңыз тыныштық қалап, жыл бойғы шаршауды шығарып, қалыпқа келгіңіз келетін болса, көл-теңіз жағасына барыңыз. Қазір арнайы йога-ретрит бағдарламалары бар. Болмаса, теңіз жағасында орналасқан шағын қалаларға барыңыз.
- Жайлы, үйдегіден басқа атмосфера іздесеңіз, онда ескі қалалардан апартамент жалдауға болады. Күнде таңертең кофеңізді үйдің қасындағы кофехаустан ішесіз. Асықпай серуендейсіз.
- Тән ақысын беріп, жылы естелікке толы сапар болсын десеңіз, онда спа-қонақүйлер, жаңа стильде салынған шипажайлар дұрыс.
Лайфхак: Pinterest ашып қараған кезде әдемі локацияларды қарай бермеңіз. Одан қайта демалысыңыздың эмоциялық мудборды қалай болатынын елестетіңіз. Осы жолы демалыстан қандай сезіммен оралғыңыз келеді?
2. Маршрутты шаршап қалмайтындай қылып құрастырыңыз
7 күнде 5 қаланы аралағанша, 1 қалада 3 күн болған әлдеқайда жақсырақ.
Айтар кеңесіміз:
- Жоспарлаған кезде қалалар арасында кемінде 1 күн бос қалсын. Жаңа қалаға келген соң бір күн жақсылап тынығыңыз. Сосын барып аралауға асықпай шығасыз.
- Жатын орын таңдағанда «Қонуға ғана келеміз, ұйықтайтын төсек болса болды» демеңіз. Қыдырып шаршап келген соң жайлы жерде демалған жөн.
- Бір күнде әрі кетсе 1-2 жерге ғана барыңыздар. Егер қатты шаршамасаңыздар, жағдайға қарай аяқ-асты локация қоса саласыздар.
Лайфхак: балконы, террасасы бар үй жалдаған дұрыс. Мұндай үй ерекше жайлы болады. Тынығуыңызға жақсы.
3. 3–3–3 деген қағиданы ұстаныңыз
Демалыс расында демалыс болып, күш жинауыңызға көмектесуі үшін мынадай үш деңгейден тұруы керек:
Деңгейі | Мысалдары |
Физикалық | Ұйқыдан оятқышсыз тұрыңыз, серуендеңіз, суға түсіңіз, массаж жасатыңыз |
Эмоциялық | Дедлайндар болмасын, дижитал детокс жасаңыз |
Ментал | Жаңа идеялар ойластырыңыз, шабыт алыңыз, ештеңе істемеуді әдетке айналдырыңыз |
Лайфхак: Көптен бері оқығыңыз келіп жүрген кітапты емес, сюжеті қызық, оқыған сайын елітіп әкететінін ала барыңыз.
4. Қажып кетпеуіңіз керек
Decision fatigue деген термин бар. Ол күнделікті шешім қабылдай бергеннен шаршайтын сезімді сипаттайды. Саяхат кезінде мұндай сезім тіпті үдеп кетеді. Өйткені қай жерден тамақ ішетініңізді, қайда және қалай баратыныңызды — бәрін ойластырмаса болмайды.
Мұндайда не істеу керек:
- «Керек болып қалса» деген тізіміңіз болсын. Оның ішінде жақын маңдағы кафе, күн бұзылған жағдайға ойластырылған маршрут дегендер жазылуы керек.
- Бұрын барған жерден тамақтанғанда тұрған ештеңе жоқ. Қайта керісінше таныс жерді көргенде ми қауіпсіз жердемін деп ойлайды.
Лайфхак: Қайда барамын деп бас қатырғыңыз келмесе, алдын-ала жақын маңдағы жерлер тізілген lazy-карту құрастырып алыңыз.
5. Демалыста жүрген адамның чек-листі қандай болуы қажет?
- Күнде кемінде 8 сағат толық ұйықтаңыз
- Асықпаңыз. Әр сапарға қор қылып 30 минуттай уақыт бөліп қойыңыз.
- Күніне бір рет далаға телефонсыз шығыңыз.
- Бір күн мүлдем жоспарсыз өткізіңіз.
- Бір күнде бір жаңа дәм, иіс, дыбыс не текстура сезініп көріңіз.
Лайфхак: Жан-жаққа шашырап кетпес үшін бір ғана музей, бір ғана мейрамхана дегендей ереже қосыңыз.
6. Жүкті дұрыс жинаңыз
Сапарға шығарда не алсам деген ой бәрінде болады. Олай болса:
- Ұйықтарға тағатын маска мен құлаққа тығатын алыңыз. Ұйқы сапалы болады.
- Сағаттап диванда жатсаңыз да мыжылмайтын, денеге кигенде сезілмейтін, матасы жұмсақ киім салып алыңыз. Киім ауыстырып жүрмей далаға шыға салуға ыңғайлы болсын.
- Исі өзіңізге қатты ұнайтын кремді ұмытпаңыз. Жағып алып, бірден керемет әсер аласыз.
- Шаруалар емес, сезімдеріңізді тізіп жазуға арналған қойындәптер салып алыңыз.
Лайфхак: шабадан жинап жатқанда құдды өзіңізге өзіңіз қонаққа бара жатқандай, мұқият жинастырыңыз.
7. Демалыстың өзіңізге сай форматын таңдаңыз
Ерекше әрі тынықтыратын идеялар айта кетейік:
- Slow travel: ұшақ емес, пойызға мініп көріңіз. Бір демалыста бір қалада ғана болыңыз. Асықпай аралаңыз, көріңіз, танысыңыз.
- «Жып-жылы мекен»: көл жағасынан шағын үй жалдаңыз, орманда ретрит жасаңыз. Желі жоқ жерде демалыңыз. Күнделікті күйбеңді ұмытуға жақсы көмектеседі. Есесіне, керемет демалып қаласыз.
- Қаланы тереңірек танып көріңіз. Турист біткен баратын топ жерлерге барудың орнына жергілікті халықпен етене араласып көріңіз. Кофехаустарға барыңыз, базар аралаңыз.
Лайфхак: демалысты бір бағытқа арнаған жақсы. Мысалы тек гастрономия не өнер дегендей таңдаңыз. Сонда жинақы жүресіз, шаршамайсыз.
Барған жердің бәрінен сурет толып тұруы міндет емес. Күнде-күнде қызық болуы керек деген де ереже жоқ. Жоспарламай да жүруге әбден болады. Сайып келгенде нағыз демалыс деп «бәрін көріп үлгеремін» деп тыраштануды айтпайды. Нағыз демалыс өзіңізді сезінуге, түсінуге көмектеседі.
Естеріңізге сала кетсек, «Шетелге шыққанда апартементті қалай таңдау керек?» деген тақырыпта гайд жариялағанбыз.