
Павлодарда Freedom QJ League Women турнирінің ашылуы өтті. 7 маусым Павлодардағы Орталық стадионда 4 мыңнан аса көрермен жиналып, U-17 жас санатындағы қыздар арасындағы футболды тамашалады.

Турнирдің ашылуына Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Freedom QJ League президенті Рохус Шох қатысты.

«Павлодар қаласының спорт тарихына көз жүгіртсек, біздің «Ертіс» командамыз еліміздің 5 дүркін чемпионы, жалпы 15 жүлдеге ие болған. Әйелдер арасындағы турнирдің Павлодардан бастау алып жатқанына қуаныштымыз. Бүгін бірінші лигада ойнап жатырмыз, әрі қарай жоғарғы лиғаға шығуға тырысамыз. Бұл оңай емес, бірақ соған талпына береміз. Қазақстан футбол федерациясына, Тимур Турлов мырзаға көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғыс білдіреміз», – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Ал Тимур Турлов әлемде әйелдер арасындағы футболдың танымал екенін, елімізде әйелдер арасындағы турнирдің басталуы да тарихи мәнге ие екенін айтып өтті.

Осылайша Павлодардың орталық стадионында жергілікті «Ертіс» пен қарағандылық «Шахтер» командасы кездесті. Ойын нәтижесінде 5:1 есебімен алаң иелері – «Ертіс» командасы жеңіске жетті.
Айта кетейік, Freedom QJ League-ның үшінші маусымы 2025 жылдың 19 сәуірінде басталды. Жоба аясында екі жылда 226 жасөспірім кәсіби футболда өзін көрсету мүмкіндігіне ие болған. Оның ішінде Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионы мен халықаралық матчтар бар.
Freedom QJ League – жарыс өткізіп, балалардың білімін арттырып, аналитикалық талдауда үздік әлемдік стандарттарды қолданатын Қазақстан футболының болашағын қалыптастыруға бағытталған жоба.