Авто

Жаңа Geely Atlas: Қытайда әр екі минут сайын бір көлік сатылады

Қытайда Geely Atlas саудасы қыза түсті /global.geely.com, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қытайда жаңа буын Geely Atlas сатылымы басталды және алғашқы нәтижелер ерекше әсер қалдырды. Себебі небәрі үш апта ішінде 12 248 дана сатылған. Бұл орта есеппен әр 2,1 минут сайын бір жаңа Atlas иесін тауып жатыр деген сөз. Мұндай көрсеткішке тіпті бәсекелестік жоғары Қытай нарығында да жиі тіркеле берілмейді.

Жаңа дизайн – жаңа кезең

Geely бұл модельді төртінші буын ретінде таныстырғанымен, шын мәнінде, үшінші буындағы Atlas-тың терең жаңартылған нұсқасы. Көлік сырттай қаталдау әрі заманауи сипат алды, алдыңғы бөлігінің сызықтары айқынырақ, артқы жағы жинақы әрі сәнді. Салоны да жаңартылып, мультимедиалық жүйесі жетілдірілді, материалдар сапасы жақсарып, эргономика артқаны да байқалады.

Алайда техникалық жағынан алғанда өзгерістер жоқ деуге болады. Кроссовер алдыңғы буыннан қалған платформа мен қозғалтқыштарды пайдаланған. Бұл өндірушіге бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға және сенімді техникалық базаға сүйенуге мүмкіндік берді.

Тиімді баға турасында

Қытайда жаңа Atlas екі түрлі бензинді турбоқозғалтқышпен ұсынылған:

  • 1,5 литрлік, 181 ат күші бар қозғалтқыш
  • 2,0 литрлік, 218 ат күші бар қозғалтқыш

Екі жағдайда да 7 сатылы роботты беріліс қорабы (қос муфтамен) қойылған. Алдыңғы жетекті. Мұндай конфигурация қуаттылық, үнемділік пен қолжетімді баға арасында теңгерімді саясатқа қолжеткізуге мүмкіндік береді.

Atlas-тың Қытайдағы бағасы 99,9–126,9 мың юань аралығында, яғни шамамен 6-8 млн теңгеге тең. Бұл баға сегментіндегі басқа кроссоверлермен салыстырғанда тиімдірек.

Ресми деректер: әр 2 минутта бір көлік сатылды

Geely сатылым туралы мәліметтерді Weibo әлеуметтік желісі арқылы жариялады. Компанияның хабарлауынша, әр 2,1 минут сайын бір жаңа Atlas сатылған. Бұл тіпті модельдің бүкіл тарихындағы орташа көрсеткіштен жоғары: 2016 жылдан 2025 жылға дейін Geely Atlas-тың 2 млн данасы сатылып, әр 2,3 минут сайын бір адам Atlas иесі атанған.

Әлемдік нарықтардағы Atlas

Бұл модельді әр елде әртүрлі атаумен табуға болады. Мысалы, Қазақстан мен Ресейде алғашында Geely Atlas бірінші буыны сатылды. Кейін оның орнына Atlas Pro келді. Қазір жаңа модель «Atlas» деген қысқа әрі анық атаумен ұсынылып отыр, ал Atlas Pro Қытайда енді Belgee X70 деген атаумен жеке брендке айналды.

Geely енді Atlas-ты мүлде жаңа кезеңнің өкілі ретінде көрсетуде. Сырт дизайны жаңарған, жабдықтары заманауи, цифрлық шешімдері жетілдірілген.

Қытай халқы неліктен бұл көлікті таңдайды?

Автоның жаңа буынының Қытайдағы сатылымы қарқынды өсіп жатыр. Мұндай жоғары сұранысқа бірнеше негізгі фактор себеп болып отыр:

Бірінші, баға мен жабдықталудың үйлесімді арақатынасы. Atlas өзінің сегментінде қолжетімді баға мен бай функционалды мүмкіндіктерді ұсынады. Бұл кроссоверді таңдаған жүргізушілер бейімделгіш круиз-бақылау жүйесі, 360 градус шолу камерасы, заманауи қауіпсіздік жүйелері мен мультимедиалық кешен сияқты жабдықтарға ие болады. Яғни, тұтынушы ақшасына сай артықшылықтар алады.

Екінші, сенімді техникалық база. Atlas бұрынғы үшінші буындағы дәлелденген платформа мен агрегаттарға негізделген. Бұл сапа мен сенімділіктің кепілі. Тексерілген техникалық шешімдер сатып алушылар үшін тәуекелдерді азайтады, жөндеу шығынын төмендетеді және көлікке деген сенімді арттырады.

Үшінші, дамыған дилерлік желі мен тиімді маркетинг. Geely Қытайда жергілікті серіктестерімен тығыз жұмыс істейді. Олар тиімді несие бағдарламаларын, жеңілдетілген сервис ұсынып отыр. Бұл факторлар тұтынушы сенімін нығайтып, сатылымға оң әсер етуде.

Жаңа Atlas-тың дизайны да қытайлық тұтынушылардың талғамына сай өзгерген. Көлік сырттай да, ішкі жағынан да жаңарғанымен, бұрынғы сенімді қозғалтқыш пен платформа сақталған. Осылайша, авто нарықтағы орнын нығайтып, қалың көпшілікке арналған кроссовер сегментінде айтарлықтай табысқа жетіп отыр.

Қазақстанға әкеліне ме?

Қазіргі таңда жаңа Atlas-тың Қазақстан нарығына шығатын уақыты жайлы ресми ақпарат жоқ. Алайда Қытайдағы сәтті дебют пен Atlas-тың бұрыннан Қазақстанда танымал болуы оның 2025 жылдың соңына дейін біздің нарыққа келу ықтималдығын арттырады.

Geely соңғы жылдары Орталық Азияда өз позициясын нығайтып, бәсекеге қабілетті үлгілер ұсынып келеді. Автонарықта бағаның өсуі мен үнемділікке деген сұраныс артқан сайын мұндай брендтерге қызығушылық та көбейе түсуде.

Еске сала кетсек, Қытайда жаңа көліктер ескі деп сатыла бастады. Бұл айла туралы жуырда ғана белгілі болды.